Қоғам

Қазақстанда биылғы қыс қандай болады – синоптиктер болжамы

Қазақстанда биылғы қыс қандай болады – синоптиктер болжамы
Ашық дереккөзден

2025-2026 жылғы қыс Қазақстанда қалыптыдан жылырақ болуы мүмкін. Бұл туралы алдын ала метеорологиялық болжамды «Қазгидромет» РМК ұсынды.

Синоптиктердің мәліметінше, алдағы қыс маусымы негізінен жылы өтеді, бірақ елдің көптеген өңірінде ауа температурасының күрт төмендеуі мен қайта көтерілуі, сондай-ақ боран мен көктайғақ жиі байқалуы ықтимал.

Қараша: алғашқы боран мен температуралық құбылыстар

Қараша айында еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын қар түрінде түседі, ал оңтүстік және оңтүстік-батыс өңірлерінде жаңбыр аралас қар жауады. Солтүстік, орталық және шығыс аймақтарда боран, көктайғақ және тұман жиі болуы мүмкін.

Айдың басында ауа температурасы түнде солтүстік пен шығыста –2…–7°С-тан +5°С-қа дейін, күндіз +5…+10°С шамасында болады. Ай соңына қарай түнде –15…–20°С, күндіз –10…–15°С дейін суытады.

Оңтүстікте түнде температура –3…–12°С пен +7°С аралығында, күндіз +6…+18°С шамасында ауытқиды. Қарашаның соңында бұл өңірлерде де –15°С-қа дейін аяз болуы мүмкін.

Қарашадағы орташа температура климаттық нормадан 1°С жоғары, ал жауын-шашын мөлшері норма шегінде болжануда.

Желтоқсан: қалыпты қыс

Желтоқсан айында ауа температурасы республиканың басым аумағында климаттық норма шегінде болады. Солтүстік-батыс өңірлерде ол нормадан сәл жоғары, ал солтүстік-шығыста керісінше, сәл төмен болуы мүмкін.

Жауын-шашын мөлшері де көбіне нормаға жуық, орталық және шығыс облыстарда сәл азаюы ықтимал.

Қаңтар: қатты аяз болмайды

Қаңтар айында температура көрсеткіштері орташа көпжылдық мәндерге сәйкес келеді. Тек шығыс өңірлерде ауа райы біршама суық болады деп күтілуде. Жауын-шашын мөлшері норма шамасында, ал оңтүстік пен оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында нормадан көп болуы мүмкін.

Ақпан–наурыз: жылымық және қар

Ақпан айы қыс мезгіліндегі ең жұмсақ кезең болуы мүмкін. Температура климаттық нормадан 1–2°С жоғары болжануда. Жауын-шашын мөлшері елдің барлық аумағында нормаға жуық.

Наурызда ауа температурасы нормадан шамамен 1°С жоғары болады. Оңтүстік пен оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында жауын-шашын мөлшері нормадан көп, ал Маңғыстау облысында керісінше, аз болады деп болжанған.

«Алдын ала мәліметтер бойынша, 2025/2026 жылғы қыс Қазақстанда негізінен жылы өтеді. Ауа температурасы күрт өзгеретін кезеңдер болады. Кейбір күндері қар қалың жауып, боран соғып, мұз қатуы ықтимал», — деп хабарлады синоптиктер.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz