Ресейдің Волгоград қаласында Мәскеуге ұшуға дайындалып жатқан жолаушылар ұшағында жанжал шығарған ер адамның Қазақстанда туғаны белгілі болды. Ол әуе кемесін басып алатынын айтып, борттағы шамамен 150 жолаушыны әбігерге салған. Оқиғаға байланысты ер адам ұсталды, деп хабарлайды kznews.kz.
РИА Новости агенттігінің хабарлауынша, оқиға 8 қараша күні Волгоград әуежайында болған. «Аэрофлот» әуе компаниясының Airbus A320 ұшағы Мәскеуге аттануға дайындалып жатқан кезде жолаушылардың бірі ұшақты басып алатынын айтып қорқытқан.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері келіп, 42 жастағы ер адамды ұстаған. Ресей Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ол Мәскеу облысының тұрғыны. Ер адамнан масаңдық белгілері байқалғанымен, медициналық тексеруден өтуден бас тартқан.
Одан кейін кинологтар арнайы үйретілген иттердің көмегімен ұшақтың іші мен жолаушылардың багажын тексерген. Алайда ешқандай жарылғыш зат немесе қауіпті зат табылмаған.
Күдікті туралы не белгілі?
Ресейлік 112 Telegram-арнасының хабарлауынша, ұсталған азамат – Қазақстанда туған Алексей есімді ер адам. Ақпарат көзінің мәліметінше, ол бұған дейін ұрлық жасағаны және адам өлтіремін деп қорқытқаны үшін сотталған.
Полиция оған құқық қорғау қызметкерлерінің заңды талабына бағынбағаны және медициналық тексеруден бас тартқаны үшін әкімшілік хаттама толтырған.
Сот шешімімен ер адам алты тәулікке әкімшілік қамауға алынған. Сонымен қатар оған қатысты қылмыстық іс қозғау мәселесі қарастырылып жатыр.
Оқиға салдарынан Волгоградтан Мәскеуге бағыт алған SU1185 рейсі екі сағаттан астам уақытқа кешіккен. Ұшақ бастапқыда 21:45-те ұшуы керек болғанымен, жолаушылар әуеге тек түнгі 00:12-де көтерілген.