Қазақстан мектептерінде оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған өзгерістер енгізілді. Бұған дейін жоғары сыныптарда таңдау пәні ретінде оқытылған «Құқық негіздері» енді міндетті пәндердің қатарына қосылды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.
Министр жаңа бастамалар туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында айтты.
Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында мектеп оқушыларының құқықтық мәдениетін қалыптастыруға ерекше назар аударылып отыр.
Осы мақсатта білім беру ұйымдарында «Конституция негіздері», «Заң мен тәртіп» және «Жеке қауіпсіздік» міндетті курстары енгізілген.
Сонымен қатар 10–11-сынып оқушылары үшін бұрын таңдау пәні саналған «Құқық негіздері» енді міндетті түрде оқытылатын болды.
Министрліктің мәліметінше, бұл өзгерістер оқушылардың өз құқықтары мен міндеттерін түсінуіне, заң талаптарын құрметтеуіне және күнделікті өмірде қауіпсіз шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыруына бағытталған.
Бұдан бөлек, мектептерде балалардың психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне де көңіл бөлінуде.
Оқу-ағарту министрлігі оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру шараларын білім беру ұйымдарында қолайлы психологиялық орта қалыптастыру жұмыстарымен қатар жүргізіп жатыр.
Ресми мәліметке сәйкес, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында психологиялық қолдау орталықтары 17 мыңға жуық балаға және 9 мың ата-анаға консультациялық әрі психологиялық көмек көрсеткен.
Сонымен бірге педагог-психологтардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында 21 мың әдістемелік іс-шара ұйымдастырылған.
Мектептерде буллингтің алдын алуға арналған «ДосболLIKE» бағдарламасы да жүзеге асырылып жатыр.
Аталған бағдарлама аясында 14 850 педагог арнайы даярлықтан өткен. Сондай-ақ 70 оқыту іс-шарасы өткізілген.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, бұл жұмыстар оқушылар арасындағы әлімжеттіктің алдын алуға, өзара сыйластық мәдениетін қалыптастыруға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.