Алматыда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қырғыз мемлекет қайраткері Жүсіп Абдрахмановқа арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Жиында оның ашаршылық жылдары Қырғызстанға босып барған қазақ отбасыларына көрсеткен көмегі сөз болды, деп хабарлайды kznews.kz.
Жүсіп Абдрахманов (1901–1938) — қырғыз мемлекеттілігінің негізін қалаушылардың бірі. Ол 1927–1933 жылдары Қырғыз АКСР Халық комиссарлары кеңесін басқарды. 1931–1933 жылдардағы ашаршылық кезінде Қырғызстанға барған мыңдаған қазақ отбасын паналату және оларға көмек көрсету ісін ұйымдастырды. 1938 жылы саяси қуғын-сүргін құрбаны болып, атылды. Сүйегі Қырғызстандағы «Ата-Бейит» мемориалдық кешенінде жерленген.
Конференцияда Қазақстан мен Қырғызстанның архив деректері негізінде Абдрахмановтың мемлекеттік қызметі мен қазақ-қырғыз халықтарының тарихи байланысы талқыланды. Пленарлық отырыста Тұрар Рысқұлов пен Жүсіп Абдрахмановтың саяси ұстанымдары, ХХ ғасырдың 20–30-жылдарындағы ашаршылық және қазақ босқындарына көрсетілген көмек туралы баяндамалар жасалды.

Жиынды ақын Қазыбек Иса жүргізді. Конференцияның ашылуында Жүсіп Абдрахмановтың немересі Канат Тлеулиев те сөз сөйледі. Іс-шараны ҚазҰУ-дың Тарих және Журналистика факультеттері «Қазақстан Республикасының Көркем академиясы» қоғамдық қорымен бірлесіп ұйымдастырды.