Маңғыстауда әскери қызметкерлердің қазасына қатысты іс бойынша Қорғаныс министрлігінен 5 лауазымды тұлға ұсталды, деп хабарлайды kznews.kz
“Қызметке салғырт қарау және корабль жүргізу қағидаларын бұзу бойынша ауыр зардаптарға әкеп соққан қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деген күдікпен Қарулы Күштердің жоғары және аға командалық құрамындағы жауапты лауазымды тұлғалар ұсталды”, – делінген жазбада.
Ұсталғандардың қатарында:
ҚР Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы;
екі әскери бөлімнің командирі;
теңіз жаяу әскерлері ротасының командирі;
“Қайсар” катерінің командирі бар.
Барлығы күдікті деп танылып, Ақтау қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Оқиға қалай болған?
Әскери қызметкерлердің қаза болу фактісі бойынша Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу бөлімшесі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.
Тергеу мәліметінше, қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында, Ақтау қаласынан 43 шақырым жерде болған.
“Хазар Қорғаны – 2026” оқу-жаттығуы кезінде қолайсыз метеорологиялық жағдайда “Қайсар” катерінен жеке құрамды түсіру барысында әскери қызметкерлерді теңіз ағысы алып кеткен.
Тергеу нені анықтап жатыр?
Қазір тергеу барысында оқу-жауынгерлік міндетті ұйымдастыру және орындау кезінде шешімдердің қалай қабылданғаны зерттеліп жатыр.
Сонымен қатар:
қауіпсіздік талаптарының сақталуы;
гидрометеорологиялық жағдайдың ескерілуі;
катердің техникалық жай-күйі;
оқу-жаттығуды өткізуге жауапты лауазымды тұлғалардың әрекеті;
әскери қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары зерделенуде.
Қажет тергеу және процестік шаралар жүріп жатыр.
Тергеу қорытындысы бойынша барлық күдіктілердің әрекетіне заңда белгіленген тәртіппен құқықтық баға беріледі.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурасының ерекше бақылауында.