Қазіргі уақытта ол дәрігерлердің бақылауында. Әскери қызметшінің жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып отыр.
Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде аман қалған үшінші әскери қызметшінің аты-жөні белгілі болды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Ведомствоның мәліметінше, аман қалған сарбаз — Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Никита Удалов.
Бұған дейін оқу-жаттығу кезінде Атырау облысының тұрғыны Бекет Қуандық пен Маңғыстау облысының тұрғыны Ақжол Темірханның аман қалғаны хабарланған еді.
Ақжол Темірхан оқиғадан кейін ауыр жағдайда аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген. Дәрігерлердің көмегінен кейін ол келесі күні есін жиып, жағдайы тұрақтанған. Қазір әскери қызметші медициналық бақылауда.
Ал Бекет Қуандықтың да жағдайы дәрігерлердің бақылауында екені айтылды.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, аман қалған екі сарбаз — Бекет Қуандық пен Ақжол Темірхан өз күштерімен жағаға шыққан.
Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты тиісті тексеру жүргізіліп жатыр.