Каспидегі қайғылы жағдай: Прокурорлар оқиғаға қатысты алғашқы күдіктілерді анықтады
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
ҚР, Астана қаласы, Әбікен Бектұров көшесі, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Халықтың қалтасын қаққан «Сәтті Жұлдыз»: Монополия, миллиардтар және цифрлық тор

Халықтың қалтасын қаққан «Сәтті Жұлдыз»: Монополия, миллиардтар және цифрлық тор
Фото: ЖИ

Ел ішінде өрттей қаулаған лудомания дерті өршіп, жұрттың қалтасын қаққан “Сәтті Жұлдыз” құрылымының әрекеті қоғамның қытығына тиіп, соңғы кезде ел аузында даудың басы болып отыр. Монополияның тасын өрге домалатқан бұл ұйым бостан-босқа айран ішпейтіне көз жеткіздік.

Қазақстандағы лотерея бизнесінің бүгінгі сиқына көз жіберсек, «байтал шауып бәйге алмас» керінің кері келіп, бүкіл елдің ырыс-несібесін бір ғана уысқа жинап берген монополиялық жүйенің ащы шындығы менмұндалайды. Өйткені 2017 жылғы Үкімет қаулысымен он бес жылға ойынның отын жағуға жалғыз өзі құқық алған «Сәтті Жұлдыз» АҚ-ның дәурені жүріп-ақ тұр, бұл – тайға таңба басылғандай анық факт, деп хабарлайды kznews.kz.

Ол 2016-2017 жылдары нарықтан сексеннен астам бәсекелесті шекесінен шертіп шығарып тастап, нарықтың қаймағын жалғыз өзі қалқып жеуге мүмкіндік алды. Сөйтіп саусақпен санарлық қана бенефициарлардың бағы жанып, «Лото Клуб», «Лотоматик» сияқты жанама құрылымдар мен оффшорлық желілер арқылы миллиардтарды қарпып қалудың айла-шарғысы шебер жолға қойылды.

Десе де, «өрге жүзген өгіздің аяғын су алады» демекші, бұл жүйенің артында ұшан-теңіз әлеуметтік нәубет пен халықтың жанайқайы жатыр. Соңғы жылдары букмекерлік кеңселердің жарнамасына қысым күшейді. Ал лотерея деген пердеге бүркенген цифрлық құмар ойындар блогерлердің бұрала басуымен халықтың санасын улап, «аттың сыры иесіне мәлім» дегендей, жастарды құмарлықтың батпағына тереңірек батыра түсті. Жұрт  сенген ұялы қосымшалар мен лотерея терминалдары іс жүзінде қатардағы азаматтардың бармағын тигізіп, бағын сынаған» орны емес, цифрлық қармаққа айналды. Тіпті, жолы болған сирек ойыншылардың өзі тиыннан теңге құрап ұтып алған қаржысын қайтара алмай, бюрократияның торына шырмалып, жеке мәліметтерін оңды-солды таратуға мәжбүр болып, шерін тарқата алмай жүргені жасырын емес. Үлкен ұтыстар кезінде жүйенің аяғы аспаннан келіп, сайттар мен қосымшалардың қатып қалуы – соның айқын дәлелі.

Сонымен қатар, «жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды», компанияның қаржылық есептілігіндегі көзге ұрып тұрған аномалиялар да құқық қорғау органдарының назарын аудартпай қоймады. 2024 жылы 1,4 миллиард тенге шығынға баттық деп «көз жасын сыққан» лотерея операторының кенеттен 2,5 миллиард теңге таза пайда тауып, түсімін 230 миллиард теңгеден асыра шығарғаны күмән тудырды. Осы ретте, 2024 жылдың басында Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қатысуымен ел бойынша бес жүзден астам тінту жүргізіліп, «Лото Клуб» пен «Лотоматик» желілерінің ойраны шығып, заңсыз ойын  бизнес жүргізді деген айыппен тергеу басталғаны дүйім жұртты елең еткізген еді. Билік терминалдардың жұмысын уақытша кісендеп тастағанымен, кейіннен судан таза, сүттен ақ болып шыға келген сотқа дейінгі тергеу қылмыстық құрамының жоқтығынан су сепкендей басылды. Осылайша, Қаржылық мониторинг агенттігі де тек сырттай бақылаумен шектеліп, компания астындағы атын алдырмай, заңның саңылауын шебер пайдаланып кетті.

Сонда бұл қой терісін жамылған монополистің артында кімдер тұр деген сауалдың туындауы заңды. Ресми құжаттарға үңілсек, акцияның 70 пайызын уысында ұстап, шашбауын көтеріп оны қаржыландырып отырған Сергей Швалов болса, қалған 30 пайызы «TLC System Ltd» арқылы Николай Неплюевтің қанжығасында кеткен, ал Мария Лыткина тағы бір тізгінді тартып тұр. Бұл алпауыттар заң бойынша өздерінің миллиардтық түсімдерінен спортқа, «Қазақстан халқына» қорына және креативті индустрияға ай сайын жүздеген миллион теңге аударып отырғанын алға тартады. Алайда, коғамға келтірген моральдық және әлеуметтік залалдың қасында мұндай «қайырымдылықтың» салмағы орасан зор қайғыны жуып-шая алмайды. Қалтаны қағып, халықты цифрлық азарттың торына қамап қойған бұл «Сәтті Жұлдыздың» шоқжұлдызы қашанға дейін жанбақ – уақыт еншісіндегі мәселе, бірақ ел ішіндегі наразылық пен күмәнның бұлты әлі де сейіле қойған жоқ.

Автор
Айжан Сыланова

2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.