KZNEWS.KZ
Әлем

Қайғылы жағдай: Екі пойыз соқтығысып, 50-ге жуық адам көз жұмды

• Айжан Сыланова
Фото: ЖИ

Испанияның Толедо провинциясында екі жолаушылар пойызы соқтығысып, кемінде 46 адам көз жұмды. Тағы ондаған адам жарақат алғаны хабарланды. Қайғылы оқиға 28 қазан күні таңертең болған, деп хабарлайды kznews.kz.

Болжам бойынша, AVE пойызы тоқтап тұрған Iryo пойызына артқы жағынан соғылған. Соққының күшті болғаны соншалық, Iryo пойызының екі вагоны рельстен шығып, теміржол жағасындағы еңіске құлаған.

Оқиға орнына өрт сөндірушілер, дәрігерлер, құтқарушылар мен басқа да жедел қызмет өкілдері жұмылдырылған. Қазіргі уақытта зардап шеккендерге көмек көрсетіліп, апаттың салдарын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қайғылы оқиғаға байланысты Мадрид пен Андалусия арасындағы жүрдек пойыздардың қозғалысы тоқтатылды. Теміржол операторының мәліметінше, апаттан кейін осы бағыттағы қатынас уақытша үзілген.

Апаттың нақты себебі әзірге анықталған жоқ. Қазір пойыздардың соқтығысуына не себеп болғаны тексеріліп жатыр. Қозғалысты басқару жүйесіндегі ықтимал ақау мен адам факторына қатысты нұсқалар да қарастырылуда.

Қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы мәліметтер нақтылануы мүмкін. Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →