Украинаның Житомир облысындағы Овруч теміржол станциясында ер адамды ұстау кезінде ол пойызда граната жарған. Бұл туралы "РБК Украина" дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
"Алдын ала мәлімет бойынша, бес адам қаза тауып, екеуі жараланған. Сондай-ақ жарылыс жасаған ер адамның іздеуде жүргені анықталды", –делінген хабарламада.
Украина ұлттық полициясының ресми мәліметінше, төрт адам қаза тауып, 12 адам жарақат алған.
"Алдын ала деректер бойынша, Мемлекеттік шекара қызметінің қызметкерлері дизель пойызының жолаушыларының құжаттарын тексеріп жатқан. Сол сәтте перронда тұрған ер адам қолындағы жарылғыш затты іске қосқан", – делінген полиция хабарламасында.
"Киев оперативный" телеграм-арнасының хабарлауынша, оқиға салдарынан шекара қызметінің бір сарбазы, екі бейбіт тұрғын және жарылыс жасаған адамның өзі көз жұмған. Ол жедел жәрдем көлігінде қайтыс болған. Тағы екі әскери және он азаматтық тұлға жарақат алған.
Сол дереккөздің мәліметінше, жарылысты ұйымдастырған ер адам Харьков тұрғыны болған. Бұған дейін оны мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтпек болғаны үшін ұстаған.