Израиль Иранның мемлекеттік телеарнасының ғимаратына тікелей эфир кезінде соққы жасады

Израильдің қорғаныс әскері (ЦАХАЛ) Иранның мемлекеттік телерадиокомпаниясы Irib-тің штаб-пәтеріне соққы жасады. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі Детали басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Израиль авиациясы тікелей эфир кезінде соққы жасағанда студияда жүргізуші Сахар Эмами болған. Ол жұмыс орнын шұғыл тастап шықты, кейін камералар өшіп қалды. Араға біраз уақыт салып жүргізуші тікелей эфирге қайта оралды.
Телеорталықта зардап шеккендер мен қаза тапқандар туралы хабарланды. Оқиға орнынан түсірілген кадрлардан телерадиокомпания ғимаратының өртке оранғанын көруге болады.
Шабуылдың алдында Израиль әскерінің баспасөз қызметі Тегеран тұрғындарына алдағы әскери іс-қимылдар болатынын ескертіп, эвакуациялануға шақырған.
"Алдағы сағаттарда ЦАХАЛ бұл ауданда әрекет етеді. Соңғы күндері Тегеранның түкпір-түкпірінде әскери инфрақұрылымдарға соққы бергендей, мұнда да иран режимінің әскери нысандарына шабуыл жасалады", – делінген хабарламада.
Осыдан кейін көп ұзамай Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац мәлімдеме жасады: "Иранның үгіт-насихаты мен арандатуы жойылу жолында тұр. Аудан тұрғындарын эвакуациялау басталды".
Ал Иранның сыртқы істер министрлігі ЦАХАЛ-дың мемлекеттік телерадио ғимаратына жасаған шабуылын соғыс қылмысы деп атады. Ведомствоның ресми өкілі Исмаил Бағаи БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін Израильдің шабуылын тоқтатуға шақырды.
Еске салайық, 13 маусымға қараған түні Израиль Қорғаныс армиясы Иранға қарсы ауқымды әскери операция бастаған еді. Иран қарымта жауап ретінде дрондар ұшырды.
16 маусымда Түркіменстанның сыртқы істер министрлігі Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Румыния және басқа да елдерден 120-ға жуық адам өткізу бекеттері арқылы Түрікменстан шекарасына өткенін мәлімдеді.