"Изолятор сияқты": Қостанай облысында да жазғы лагерьден шу шықты
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

"Изолятор сияқты": Қостанай облысында да жазғы лагерьден шу шықты

"Изолятор сияқты": Қостанай облысында да жазғы лагерьден шу шықты
Фото: ашық дереккөздерден

Балалардың жазғы демалысн тиімді ұйымдастыру жұмысы Үкіметтің тікелей міндеті болғанымен, аймақтардағы жағдай басқаша сипатта өрбіп отыр.

Салғырттық пен ақша иегеруге қатысты жүйесіздік атқарушы биліктің абыройына дақ түсіріп қана қоймай, балалардың денсаулығы мен өміріне де қауіп төндіре бастаған сыңайлы.

Бұлай деуіміздің дәлелі бар. Бүгін ғана Ақмола облысындағы балалар лагерінде жаппай улану оқиғасы болып, оқушылардың ауруханаға жатқызылғаны туралы жазғанбыз. Осыған ұқсас тағы бір жағдай Қостанай облысынан көрініс тапқан. Мәселен, Алтынсарин ауданындағы "Светофор" балалар лагерінде анықталған санитарлық заңбұзушылықтар қоғамда тағы да жазғы демалыс орындарының қауіпсіздігіне қатысты сұрақты күн тәртібіне шығарды.

Қағаз жүзінде балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға арналған бұл лагерьге жасалған тексеріс нәтижесі мүлде басқа көріністі көрсеткен екен. Мұнда базалық санитарлық талаптардың өрескел бұзылуы, тұрмыстық инфрақұрылымның тозуы және тамақтану қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін кемшіліктер жиі байқалады екен. 

Тексеру барысында лагерьде жылы судың жоқтығы, кәріз жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі, тұрғын корпустар мен асханадағы санитарлық жағдайдың сын көтермейтіні де анықталған. Бұған қоса, ас әзірлейтін блокта жұмыс істеген тоғыз қызметкердің міндетті медициналық тексерістен өтпегені және гигиеналық оқытудан да өткізілмегені белгілі болған.

Қадағалау органдарының мәліметінше, заңбұзушылықтар расталғаннан кейін лагерь иесіне жергілікті санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары тарапынан 346 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. Сонымен қатар, анықталған кемшіліктерді жою міндеті жүктеліп, бірқатар өнім түрлерін пайдалануға шектеу енгізілген.

Алайда, айыппұл мен шектеулер мәселені түбегейлі шешетін құрал емес екені түсінікті. Себебі, бұл жағдай бір реттік оқиға емес, бақылау жүйесіндегі әлсіздіктің көрінісі ретінде бағалануда.

Айтпақшы, лагерьдегі заңбұзушылықты бірінші болып мемлекеттік органдар емес, ата-аналар мен балалардың өздері көтерген көрінеді. Әсіресе, балалардың лагерьдегі жағдайды "уақытша ұстау изоляторына ұқсас" деп сипаттауы ата- аналардың ашуын туғызған. Ал лагерь әкімшілігі бұл жағдайды балалардың эмоциялық бағалауы деп жауап берген-мыс.

Жалпы, қазір ел ішінде "Неге балалар демалуы тиіс орын санитарлық тәуекел аймағына айналды?" деген сауал бар. Және бұл сұрақ бір лагерьдің шеңберінен шығып, Қазақстандағы жазғы демалыс инфрақұрылымының сапасына қатысты жүйелік мәселеге жауап беретін құзырлы органдарға бағытталып отыр.

Автор
Гүлжан Амангелдіқызы

журналист-жазушы. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің түлегі. «Арай +» телеарнасында, «Қазақстан - Атырау» телеарнасында редактор, «Жетісу Университеті», «Нұрлы өлке» газеттерінде тілші және Baq.kz, Inbusiness.kz, El.kz ақпараттық порталдарында фрилансер болған.