АҚШ барлау қызметінің мәліметінше, Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи аяғынан айырылғанымен, әрекет ету қабілетін сақтап отыр, деп хабарлайды kznews.kz BILD басылымына сілтеме жасап.
Ақпаратқа сәйкес, соғыстың алғашқы күнінде Иранның ұлы аятолласы Әли Хаменеи Тегерандағы сарайында америкалық-израильдік әуе соққылары салдарынан қаза тапқан. Оның ұлы Моджтаба аман қалғанымен, ауыр жарақат алған.
Reuters агенттігі америкалық арнайы қызметтерге сілтеме жасап хабарлағандай, жаңа көшбасшы бет тұсынан жарақат алып, бір аяғынан айырылған. Сонымен қатар, Хаменеи айналасындағы бірнеше дереккөз 56 жастағы саясаткердің әлі де ем қабылдап жатқанын айтқан.
Бұған дейін Иран оппозициясы оны комада жатыр деп мәлімдеген еді. Алайда Reuters дереккөздері бұл ақпаратты жоққа шығарып, оның есін білетінін және саяси шешімдер қабылдау үдерісіне қатысып отырғанын жеткізді. Тіпті ол кейбір мәселелерге аудиобайланыс арқылы араласып отырған көрінеді.
Қазіргі уақытта Моджтаба Хаменеидің нақты қай жерде екені белгісіз. Алдын ала болжамдарда ол Мәскеуде ем қабылдап жатыр делінгенімен, соңғы мәліметтер бойынша Құм қаласында болуы мүмкін.
Әкесінің қаза тапқанынан және 8 наурызда жоғарғы көшбасшы болып тағайындалғанынан бері оның ешқандай фотосы, видеосы немесе аудиожазбасы жарияланбаған.
Сондай-ақ оның АҚШ пен Иран арасындағы Исламабадта басталған келіссөздерге қаншалықты белсенді қатысып жатқаны да нақты белгісіз. Дегенмен, бірнеше күн бұрын жарияланған уақытша бітімге өзі рұқсат бергені айтылады.
Бақылаушылардың пікірінше, жаңа көшбасшы қысқа мерзімде әкесіндей бедел мен ықпалға ие бола алмауы мүмкін. Қазіргі таңда маңызды стратегиялық шешімдердің көпшілігін Ислам революциясы сақшылары корпусы қабылдап отыр деген болжам бар.