АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қатысты қатал мәлімдемелерін қайта жасады. Ол Ормуз бұғазын кеме қатынасына ашуды талап етіп, бұл әрекетті Вашингтон уақытымен сейсенбі күнінің кешіне дейін орындау керегін айтты, деп хабарлайды kznews.kz ВВС-ге сілтеме жасап.
"Бір түнде бүкіл елді істен шығаруға болады — және бұл түн ертең-ақ келуі мүмкін", — деді ол Ақ үйде өткен баспасөз мәслихатында.
Трамп Иранға қарсы әскери әрекеттердің АҚШ үшін «тамаша» нәтиже беріп жатқанын атап өтті.
Баспасөз кездесуін ол америкалық F-15 ұшағының Иран аумағында атып құлатылуы нәтижесінде пилоттарды құтқару операциясы жвайлы айтумен бастады. Президенттің айтуынша, операцияға 170-тен астам әскери ұшақ қатысқан: бірінші пилотты эвакуациялау үшін 21 ұшақ жұмылдырылса, екінші пилотты құтқару үшін 155 ұшақ пайдаланылған.
"Мен осы тарихи операцияларға қатысқан әрбір әскери қызметкерге алғыс айтқым келеді. Олар шынымен де тарихта қалатын әрекет жасады", — деді Трамп.
Сонымен қатар, дүйсенбі күні АҚШ пен Иранға әскери әрекеттерді тоқтату жөніндегі ұсыныстар айтылған, оларды Пәкістан әзірлеген. Алайда күні бойы қарама-қайшы ақпарат тарап, қазіргі уақытта нақты келісімге қол жеткізу мүмкіндігі бар-жоғы белгісіз болып отыр.