Иран билігі барлық әуе кемелері үшін әуе кеңістігін уақытша жабу туралы шешім қабылдады. Тек алдын ала рұқсат алған халықаралық рейстерге ғана ұшуға мүмкіндік берілді. Бұл жөнінде елдің азаматтық авиация жөніндегі федералдық басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz DW агенттігіне сілтеме жасап.
Алғашында шектеу екі сағатқа жоспарланғанымен, кейін оның мерзімі жергілікті уақыт бойынша келесі күнгі сағат 07:30-ға дейін ұзартылды. Бұл туралы Associated Press агенттігі жазды.
Бұған дейін, 14 қаңтар күні, еуропалық шенеунік Reuters агенттігіне АҚШ алдағы 24 сағат ішінде Иранға соққы беруі мүмкін екенін айтқан. Сонымен қатар АҚШ президенті Дональд Трамп Иран билігі наразылық білдірушілерге өлім жазасын қолданған жағдайда, қатаң шаралар қабылдануы ықтимал екенін ескерткен болатын.
Иранда үкіметке қарсы наразылықтар өткен жылдың 28 желтоқсанында басталды. Алғашында халық ұлттық валютаның құнсыздануы салдарынан туындаған экономикалық дағдарысқа қарсы шыққан. Кейін бұл толқулар саяси сипат алды.
Наразылық акциялары елдің 25 провинциясындағы 60-тан астам қалада өтті. Ең ауқымды шерулер Тегеранда, сондай-ақ Иранның батысы мен оңтүстік-батысындағы Малекшахи, Керманшах және Лордеган қалаларында тіркелген. Бірнеше күннен бері елде интернет өшірілгендіктен, жағдай туралы нақты ақпарат алу қиынға соғып отыр.
Норвегияда орналасқан Iran Human Rights құқық қорғау ұйымының мәліметінше, наразылықтар кезінде кемінде 3 428 адам қаза тауып, 10 мыңнан астам адам ұсталған.