Ауыр дертпен күресіп жатқан танымал актер Мұрат Бисембиннің қызы әлеуметтік желіде әкесінің қазіргі жағдайына қатысты жүрекжарды жазба жариялады. Әлеуметтік желіде Jemappelledali атымен тіркелген ол көпшілікті алаңдатқан сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, әкесінің денсаулығы бірқалыпты емес, кейде жақсарып, кейде күрт нашарлап кетеді. Соған қарамастан, отбасы үміт пен сенімді жоғалтпауға тырысып келеді.
"Менен жиі "Әкеңіздің жағдайы қалай?" деп сұрайды. Бұған біржақты жауап беру қиын. Жағдай әртүрлі: кейде жақсарады, кейде нашарлайды. Дегенмен біз әрдайым позитивті көңіл күйді сақтауға тырысамыз. Өз парақшамда көбіне жақсы сәттерді ғана бөлісемін. Ал көп дүние кадр сыртында қалады", – деп жазды ол.
Қызының сөзінше, соңғы бір жарым жыл ішінде ата-анасы ауыр сынақтан өткен. Бір ауруханадан екіншісіне ауысып, ұзақ тексерулер мен ем қабылдауға тура келген. Химиятерапия, қалпына келу кезеңдері отбасы үшін оңай болмаған.
"Әкем – мен білетін ең мықты адамдардың бірі. Ол рухани жағынан да, физикалық тұрғыдан да өте төзімді. Қазір бізді алға жетелейтін жалғыз нәрсе – сенім. Әкемнің жағдайы міндетті түрде жақсарады, бір күні ремиссияға шығады деп сенеміз", – деді ол.
Жазбада ең ауыр сәт – өткен күндерді еске алу екенін де атап өтті. Денсаулығы мықты, қуаты тасып жүрген әкенің бейнесі жүрекке ауыр тиетінін жасырмады. Дегенмен актердің күресін әлі де жалғастырып жатқанын айтып, көпшілікке қолдау білдіргені үшін алғыс айтты.