Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда, өткен қаңтар айындағы инфляция деңгейі 12,2 пайызды құрады.
Бұл көрсеткіш 2025 жылдың желтоқсанындағы айлық инфляция өсімімен салыстырғанда экономикалық тұрақтылықты сипаттайды.Яғни, құнның өсуі 0,1 пайызға төмендегені байқалған. Желтоқсан айындағы инфляция деңгейі 12,3 пайыз болған.
Алайда, бұл цифр жалпы жылдық инфляция өсімінің көрсеткішімен алынып отырғандықтан, қуануға әлі ерте екен. Ал желтоқсандағы айлық инфляция өсімімен салыстырғанда қаңтардағы айлық инфляция көрсеткіші 1 пайызды құрады. Желтоқсандағы айлық инфляция 0,9 пайыз шамасында болған. Яғни, инфляция өсімінің жылдық қарқыны біршама тежелгенімен, қысқа мерзімді айлық баға қысымы әлі де сақталып отыр деген сөз.
Жалпы, жылдық есеп бойынша өткен жылдың соңына қарағанда азық-түлік бағасы өспеген. Керісінше, төмендеу байқалады. Мысалы, осы қаңтарда азық-түлік инфляциясы 12,9 пайыз болса, былтырғы желтоқсанда ол 13,5 пайызды құраған.
Ал өткен айда ақылы қызметтер инфляциясы 12 пайызды құрып, былтырғы межені ұстап тұр. Тек, экономистер бұл тұрақтылықты уақытша кезеңге балап, қызмет көрсету бағасын қолдан "қатыру" деп сипаттайды. Яғни, ақпан-наурыз айында қызмет көрсету құны, оның ішінде тариф бағасы біртіндеп көтеріле бастауы мүмкін екен.
Сондай-ақ, қаңтар айында азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 11,7 пайызды көрсетіп, былтырғы желтоқсанмен салыстырғанда аздап көтерілген. Желтоқсандағы баға 11,1 пайыз шамасында болған. Бұл құбылу импортқа тәуелді тауарлар мен теңге бағамының әсерінен болғаны байқалады.
Тоқетері, қаңтар айындағы инфляцияның айлық динамикасын саралай келе, өткен кезеңде азық-түлік бағасындағы құбылу 0,8 пайыз шамасында, ал қызмет көрсету секторындағы өсім 1,1 пайыз және азық-түлікке жатпайтын тұтыну тауарларының құны 1,2 пайыз деңгейде инфляция үлесін қамтығанын айтуға тиіспіз.
Айтпақшы, азық-түлікке жатпайтын тауарлар құнының өсуін сырттан келетін импорттың салмағы артып, бағасының қымбаттауымен түсіндіруге болады. Яғни, қаңтардағы баға өсімі негізінен тұтыну тауарлары мен қызметтерге қатысты екенін ескеріп, отандық экономика маусымдық инфляция факторынан бөлек, сыртқы нарықтық қысымға да ұшырап отырғанын жоққа шығаруға болмайды.