Жаңалықтар

«Иісі қатты шықты, шыдай алмадым»: Марқұм Мақсот Қарабалиннің інісі денелерді қалай шығарғанын айтты

Дархан Тоқан Дархан Тоқан
«Иісі қатты шықты, шыдай алмадым»: Марқұм Мақсот Қарабалиннің інісі денелерді қалай шығарғанын айтты
kznews.kz коллажы

Атырау облысындағы қоғамды дүрліктірген қайғылы оқиға орын алған Жангелдин ауылына Qazaq Airan жобасының тілшісі арнайы барып, марқұмдардың жақындарымен тілдесті, деп хабарлайды kznews.kz.

Марқұм Мақсот Қарабалиннің інісі Шалқар Мұқанғалиев тілшіге берген сұхбатында қаза тапқан ерлі-зайыптының денелерін қалай шығарып алғанын айтты.

«Алматыдан, Астанадан келген құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірге марқұм ағамның үйінің есік алдын, есік алдындағы үлкен сарайдың ішін түнгі сағат үшке дейін қарап, тінтідік. Одан кейін есікті құлыптап жауып кеттік. Ертеңінде сол сарайға қайтадан барып, ішінде не бар — соның бәрін қарап, іздедік. Іздеуге өзім, Фаризат апам, сосын Қанат, Мұрат деген ағаларым, ауылдың 1-2 жасы, әскери бір кісі қатысты. Күртешенің қалтасын, барлық айғақ болуы мүмкін заттарды қарадық. Сосын ауылдың бір үлкен кісісі: “Неге осы диванның астын қарап көрмейміз?” — деді. Диванды көтеріп, астын қарадық: астына кілем төсеп, линолеум жауып кеткен екен. Оларды ашып көргенде, бос топырақ екенін байқадық. Оған дейін бұл жерде қатты стяжка еді. Жұмсақ топырақ болғандықтан, ол жерді қазып тексеруге тура келді. Біраз қазғаннан соң бізге “сарайдан шығуға тура келеді, ары қарай арнайы топ қазуы керек” деп айтты. Біз шыққаннан кейін, ауылдың екі жас баласын қалай қазып жатқанын бақылап тұру үшін кіргізді. Бір метрден асқаннан кейін дененің белгісі шықты деп айтты. Сосын мені кіргізді, өз қолыммен ағамды алып шықтым. Өз үй киімдерімен жатыр екен, нәскиі де шешілмеген екен. Ағамды алып шығып жатқан кезде астында тағы бір дене бар екенін айттым — ол жеңгемнің денесі екен. Сол кезде екінші дененің иісі қатты шықты. Мен оны алып шығуға шыдай алмадым. Сол кезде ауылдың жас баласы екінші денені алып шығуға көмектесті. Ең бірінші жеңгемді салып, үстіне ағамды салып, көміп кеткен екен», — деді марқұмның інісі.

Тілші Айдана Мейрамбайқызы Шалқарға: «Киімдерінде қандай да бір қатып қалған қан іздері болды ма?» — деп сұрақ қойды.

«Шынымды айтсам, қобалжып, ол кезде айтарлықтай ештеңе байқаған жоқпын. Оның үстіне денесінің бәрін топырақ басып қалған еді. Бірақ жеңгем үй киімімен көмілген, үстінде халат кигенін байқадым», — деді ол.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz