Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Мәдина Ералиеваның өмірін қиған жол апатына қатысты бұрын көпшілікке белгісіз болған жайттар айтылды. Марқұм әншінің күйеу баласы Оралбай Әбдіқадыр қайғылы оқиға кезінде көлікте өзі де болғанын айтып, сол күнгі жағдайды еске алды.
Оралбай Әбдіқадыр "Астарлы ақиқат" бағдарламасында осыдан 26 жыл бұрын болған оқиғаның қалай өрбігенін баяндады. Оның сөзінше, 2000 жылдың 27 қарашасында олар Қазалыдан жолға шыққан. Автокөлікте Мәдина Ералиева, Болат және Оралбай Әбдіқадыр болған.
Сол күні оразаның алғашқы күні екен. Олар аудан әкімінің үйінен шығып, жолға дайындалған.
"Оны еске түсіру маған да қиын. Өйткені мен жанында болдым. Оразаның бірінші күні еді. Аудан әкімінің үйінен шықтық. Ешкім ештеңе ішпеді, шай ішіп жолға шықтық. Жаңбыр жауған жоқ, бірақ жердің беті мұз еді", – деді ол.
"Көлік шана сияқты сайға қарай аударылды"
Оралбай Әбдіқадырдың айтуынша, бастапқыда автомобильді басқа адамның жүргізуі жоспарланған. Алайда Мәдина Ералиева кешке дейін көлік тізгініне өзі отыруға шешім қабылдаған.
Жол бойы көліктегілер әншінің шығармаларын тыңдап отырған. Түнгі уақытта автомобиль жоғары жылдамдықпен келе жатқанда күтпеген жағдай болған. Мұз қатқан жолда көлік басқаруға көнбей, сайға қарай аударылып кеткен.
"Бір кезде көлік дірілдеп кетті. Сөйтіп әрі қарай жүрдік. Жоғары жылдамдықпен келе жатыр екен. Бір қарасақ, көлік алға кетті де, шана сияқты сай жаққа аунап түсті. Темір жәшіктің ішіне салып, біреу аунатып жібергендей болды", – деп еске алды ол.
Оқиғаны көзімен көрген Оралбай Әбдіқадыр үшін сол сәттерді еске алу әлі де ауыр.
Әншіні көліктің сыртынан тапқан
Апаттан кейін автомобиль тоқтаған кезде жолаушылар Мәдина Ералиеваның салонда жоқ екенін байқаған. Оралбай Әбдіқадырдың айтуынша, әнші сол сәтте қауіпсіздік белдігін тақпаған. Сондықтан көлік аударылған кезде сыртқа ұшып кеткен болуы мүмкін.
Жолаушылар оны автокөліктен біраз қашық жерден тауып алған. Сол кезде Мәдина Ералиеваның жүрек соғысы әлі болған. Жанындағы адамдар жолдан өтіп бара жатқан көліктерді тоқтатып, әншіні шұғыл медициналық көмекке жеткізуге тырысқан. Алайда ауыр жол апаты өнер иесінің өмірін қиды.
Оралбай Әбдіқадыр сұхбат барысында Мәдина Ералиеваның соңғы сәттерде айтқан сөзін де еске алды. Оның айтуынша, кейін Болат оған әншінің соңғы өтінішін жеткізген.
"Қара, балама қара", – деген екен Мәдина Ералиева.
Бұл сөздер әншінің өмірінің соңғы сәтінде де баласының жағдайын ойлағанын аңғартады.
Еске сала кетейік, Мәдина Ералиеваның ұлы Арсен Ералиев анасының өмірден өткені туралы қаралы хабарды қалай естігенін айтып берген еді.
Мәдина Ералиева кім?
Мәдина Есмалайқызы Ералиева (1954-2000) – қазақтың халық әндерін ерекше орындау мәнерімен көпшілікке танытқан белгілі әнші, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі. Ол 1954 жылы 2 тамызда Қызылорда облысының Қазалы ауданында дүниеге келген.

Болашақ әншінің әкесі Ерәлі Есмалай тарих пәнінен сабақ берген, ал анасы Дариға Ыбырайқызы тігіншілікпен айналысқан. Мәдина сегізінші сыныпта оқып жүргенде анасынан айырылып, өмірдің ауыр сынағын ерте бастан өткерген. Өнерге бала кезінен жақын болған ол 1974 жылы Қызылордадағы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищенің музыка бөлімін бітірді. Кейін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында білімін жалғастырып, 1978 жылы музыка факультетін тәмамдады.
Еңбек жолын Әдебиет және өнер институтында бастап, 1978-1984 жылдар аралығында осы мекемеде қызмет атқарды. Ал 1985 жылдан бастап Алматы облыстық филармониясында жетекші әнші болды.
Мәдина Ералиева қазақтың халық әндерін өзіндік нақышпен орындап, ұлттық музыка өнерінің кеңінен насихатталуына үлес қосты. Әсіресе оның орындауындағы «Ай-қарагөз», «Ақбаян», «Жылқы ішінде ала жүр» әндері тыңдарманның ерекше ықыласына бөленді.
Сонымен қатар әнші «Кіресің жиі түсіме», «Сағым жылдар» секілді қазақ композиторларының туындыларын орындап, репертуарын мазмұнды шығармалармен толықтырды.
Өнер иесінің орындаушылық ерекшелігі – нәзік те сыршыл дауысында, әннің мағынасын терең сезініп, тыңдарман жүрегіне жеткізе білуінде еді. Ол халық әндерінің ұлттық болмысын сақтай отырып, әр туындыға өзіндік қолтаңбасын қалдырды.
1981 жылы Мәдина Ералиева режиссер Болат Атабаевпен шаңырақ көтерді. 1982 жылы олардың Арсен есімді ұлы дүниеге келді.

Шығармашылық жетістіктері үшін әнші Дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінің лауреаты атанды. Ал 1990 жылы оған Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі құрметті атағы берілді.
Мәдина Ералиева 2000 жылы 27 қарашада Қызылорда облысындағы Майлыбас қиылысы маңында болған жол-көлік оқиғасынан қайтыс болды. Ол небәрі 46 жаста еді.
Әншінің өмірден өткеніне 26 жыл толса да, оның орындауындағы әндер тыңдарман жүрегінен өшкен жоқ. Мәдина Ералиева қазақ музыкасының тарихында нәзік лирикасы, табиғи дауысы және қайталанбас орындаушылық мәнерімен есте қалған өнер иелерінің бірі.