Белгілі продюсер әрі актриса Мөлдір Мұқан сұхбат барысында ер адамның сатқындығы мен отбасы құндылығы туралы пікір білдірді. Өнер иесі бір адамның қате шешімі тұтас отбасының тағдырына әсер етуі мүмкін екенін айтты.
Мөлдір Мұқанға сұхбат кезінде фильмде көрсетілген оқиғаға қатысты сұрақ қойылған. Өнер иесі туындыдағы кейіпкерлердің әрекетіне тоқталып, отбасындағы сенім мен адалдықтың қаншалықты маңызды екенін жеткізді. Оның пікірінше, ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынаста әр адамның жауапкершілігі жоғары болуы керек. Себебі бір сәттік қателік тек екі адамның емес, олардың жақындарының да өміріне әсер етуі мүмкін.
"Ер азаматтың бір қателігі қаншама тағдырды құртып жіберді. Отбасы деген – өте құнды дүние. Оны бағалау керек. Сатқындық жасауға болмайды", – деді ол.
Продюсер отбасы адам өміріндегі ең қымбат құндылықтардың бірі екенін атап өтті. Оның сөзінше, ерлі-зайыптылар арасындағы сенімді сақтау және бір-бірінің алдындағы жауапкершілікті сезіну маңызды.
Әңгіме кинотуындыдағы оқиғалар жөнінде өрбігенімен, Мөлдір Мұқанның сатқындық туралы пікірі оның жеке өмірінде болған жағдайларды да еске түсіреді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мөлдір Мұқан өзіне қымбат сыйлық жасап, алғаш рет бриллиант алқа сатып алғанын көрсеткен еді.
Мөлдір Мұқан кім?
Мөлдір Мұқан – қазақстандық продюсер, актриса, әнші және тележүргізуші. Ол отандық ойын-сауық саласында түрлі шығармашылық жобаларды ұйымдастырумен танылған.

Негізгі мамандығы – экономист. Жоғары оқу орнын үздік дипломмен аяқтаған. Еңбек жолының алғашқы кезеңінде мемлекеттік қызметте жұмыс істеген. Кейін шығармашылық бағытқа бет бұрып, продюсерлікпен айналыса бастады. Ол концерттік бағдарламалар мен өнер жобаларын ұйымдастыруға қатысып, балаларға арналған "ММ" өнер мектебін ашқан. Сондай-ақ әнші Ақтоты Болышевамен шығармашылық байланыста жұмыс істеген.
Мөлдір Мұқан кейінгі жылдары жеке шығармашылығына да көңіл бөліп, әншілік және актерлік қырынан көрініп жүр. Оның "Өтірік" әні жарық көрген. Сонымен қатар "Шәй в большом городе" фильмінің продюсері ретінде танылған. Өнер иесі әлеуметтік желіде белсенді. Ол оқырмандарымен отбасы, бала тәрбиесі, әйелдің қоғамдағы орны және шығармашылық өмірі туралы ой бөлісіп отырады.
Мөлдір Мұқан мен Тұрсынбек Қабатовтың ажырасуы
Еске салайық, Мөлдір Мұқан көпшілікке танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы жұбайы ретінде де белгілі.
Екеуі ұзақ жыл отбасылы болып, бес бала тәрбиелеп өсірген.
2025 жылдың қараша айында Мөлдір Мұқан журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында Тұрсынбек Қабатовпен ресми түрде ажырасқанын мәлімдеді. Сұхбат барысында продюсер бұрынғы некесіндегі қиындықтарды баяндап, Тұрсынбектің басқа әйелмен қарым-қатынасы болғанын айтқан. Оның сөзінше, бұл жағдай өзіне ауыр тиген.
Мөлдір Мұқан сондай-ақ балаларының әкесін сағынатынын айтып, отбасындағы қарым-қатынасқа қатысты өз ұстанымын білдірген.
Ал Тұрсынбек Қабатов бұрынғы жұбайының сұхбатынан кейін әлеуметтік желіде мәлімдеме жасап, балаларын жақсы көретінін және олардан бас тартпағанын жеткізді.