Биылғы нақтыланған бюджет бойынша Павлодар облысының кірісі 506,3 млрд теңге, шығысы 505,4 млрд теңге болып бекітілген. Кіріс құрамындағы трансферттердің үлесі 403,7 млрд теңгені құрайды.
Бір қызығы, оның 385 млрд теңгеге жуығы аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың бюджеттерінен түсетін қаражат екен. Ал республикалық бюджеттен түсетін трансферт шамамен 18,7 млрд теңге ғана. Бұл айырмашылық басқа облыстардарғы жағдаймен салыстырғанда өте маңызды. Өйткені, облыстық бюджетке түсетін трансферттердің басым бөлігі орталықтан берілетін субвенция емес, төмен тұрған бюджеттерден аударылатын қаражат болып отыр. Сондықтан Павлодар облысын республикалық бюджетке толық тәуелді өңір деп сипаттау әділетті болмас еді.
Яғни, облыстың Павлодар, Екібастұз және Ақсу сияқты өнеркәсіптік қалалардан түсетін кірістерді қайта бөлу арқылы өз бюджетін қалыптастыру мүмкіндігі бар. Үкіметтің болжамы бойынша, 2028 жылға қарай Павлодар облысы қаржылық тұрғыдан өзін-өзі қамтамасыз етіп, республикалық субвенция алушылар қатарынан шығуы тиіс.
Осы жерде аймақтың экономикалық дербестікке ұмтылысына қуана қол соға отырып, мәселені тақырыпты басқа бағытқа бұрмақпыз. Мысалы, идеологиялық саясат тұрғысынан. Өйткені, Павлодар облысында қоғамдық келісімді нығайтуға, мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге, жастармен жұмыс істеуге және ұлттық бірлікті насихаттауға жыл сайын қомақты қаражат бөлінеді екен. Иә, ақиқатында идеологиялық жұмыс бір ғана бағдарлама арқылы қаржыландырылмайтыны анық. Оның құрамына мемлекеттік ақпараттық саясат, ішкі саясат, жастар саясаты, мемлекеттік тілді дамыту және қоғамдық келісім бағыттары кіреді. Енді осы бағыттағы бюджет қаржысына шолу жасап көрейік.
Ашық дереккөздердегі мәліметтерде 2023 жылғы бюджетте мемлекеттік ақпараттық саясатқа 1,281 млрд теңге, ішкі саясатқа 484,2 млн теңге, жастар саясатына 565,6 млн теңге қарастырылған. Үш бағыттың өзіне 2,3 млрд теңгеден астам қаражат жоспарланғаны айтылған. 2025 жылғы бюджетте ішкі саясатқа 217,9 млн теңге, жастар саясатына 387,1 млн теңге бөлініпті. Ал 2026 жылғы нақтыланған бюджетте мемлекеттік ақпараттық саясатқа 981,5 млн теңге, ішкі саясатқа 242,9 млн теңге, жастар саясатына 375,4 млн теңге, Ассамблея қызметіне 350,1 млн теңге және мемлекеттік тілді дамытуға 60,7 млн теңге қарастырылған екен.
Осы бес бағыттың жиынтық көлемі шамамен 2,01 млрд теңге. Бұл облыстық бюджеттің 505,4 млрд теңге көлеміндегі шығыстарының 0,4 пайызына жуық.
Бұл есепке діни ахуалды зерттеу, мәдениет пен білім саласындағы кейбір жобалар және идеологиялық мазмұны болуы мүмкін өзге бағдарламалар қосылған жоқ. Сондықтан 2,01 млрд теңгені идеологиялық бағыттағы негізгі бес бағдарламаның сомасы деп түсіндіру дұрыс болмас еді. Дегенмен, бөлінген қаржының ізін бағып көрейік. Ашық дереккөздердегі мәліметке қарағанда, қаражаттың басым бөлігі, нақтысы 981,5 млн теңге мемлекеттік ақпараттық саясатқа бағытталған. Бірақ, қаржының қандай ақпараттық жобаларға, бұқаралық ақпарат құралдарын қаржыландыруға және мердігерлерге төленгені туралы жария деректер табу қиын. Демек, бұл жағдайда ақпараттық саясаттың қоғамдық санаға ықпалы мен оның нәтижесінің қалай өлшенгені туралы сөз қозғау мүмкін болмасы анық.
Жалпы, Павлодар облысында үш жылдық бюджеттің игерілуіне қатысты жариялылық аз. Бұл бағытта мейлінше ақпараттық пропаганда мен өткізілген іс-шараның санына қатысты есеп беру әдетке айналған сияқты. Мысалы, бұған дейінгі Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалының мәліметінше, 2024 жылдан 2025 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін өңірде қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға бағытталған мыңға жуық іс-шара өткізіліп, оған шамамен 50 мың адам қамтылған. Әлеуметтік желілерде 3 мыңнан астам жарияланым орналастырылған.
Айтпақшы, осы жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан халқы Ассамблеясының орнына Халық Кеңесі құрылды. Осыған байланысты бюджетте Ассамблея қызметіне қарастырылған 350,1 млн теңгенің нақты қалай игерілгенін де облыс әкімдігі түсіндіру қажет сияқты...
Жалпы, атқарылған жұмыс туралы есеп бар. Алайда, іс-шаралар мен жарияланымдардың саны қоғамдық санаға нақты ықпал еткенін білдірмейді. Мысалы, осындай шаралардан кейін жастардың азаматтық ұстанымы қалай өзгерді? Мемлекеттік тілдің қолданысы артты ма? Әлеуметтік желідегі арандатушылыққа қарсы қандай нақты нәтиже бар? Қоғамдық көңіл күйге қатысты тәуелсіз зерттеу жүргізілді ме? Яғни, мұндай сұрақтарға нақты көрсеткіштермен жауап берілмейінше, облыстағы идеологиялық жұмыстың тиімділігін бағалау қиынға соғады.
Есесіне, Павлодар облысындағы қоғамдық келісім мәселесі сын көтермейтініне қоғам куә. Тіпті, аймақта ұлтараздығын әдейі қоздыру мен ашық түрдегі сепаратистік көзқарастағы адамдардың ашық әрекеттері байқала бастағаны өтірік емес. Сәл шегініс жасап, 2023 жылы Павлодар тұрғынына қатысты өткен сот туралы айтсақ. Қала тұрғыны WhatsApp желісінің тобында қазақ ұлтының ар-намысына тиетін, ұлттық алауыздықты қоздыруға бағытталған бірнеше дауыстық хабарлама таратқан болатын. Оқиғаға қатысты іс қозғалып, Павлодардың №2 соты хабарлама иесін Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі бойынша төрт жылға бас бостандығынан айырған еді.
Ал күні кеше, 28 - қазанда әлеуметтік желіде өзін Екібастұз қаласының тұрғыны ретінде таныстырған әйелдің видеосы тарады. Ол Ресей президенті Владимир Путиннен Қазақстанға әскер кіргізуді сұрап, қазақ халқына қатысты қорлайтын сөздер айтқан-ды. Оқиғадан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті әйелдің ұсталғанын және видео жариялау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Әзірге істің нақты құқықтық саралауы мен сот қорытындысы жарияланған жоқ.
Әлбетте, бұл екі оқиғаның құқықтық мәртебесі әртүрлі. Біріншісі, сотта қаралып, аяқталған іс те, екіншісі, әзірге тергеу сатысындағы оқиға ғана болып отыр. Бірақ, қысқа мерзім ішінде облыс аумағында ұлтараздығын қоздыру мен сепаратизм бабы бойынша істердің қозғалуы өңірдегі қоғамдық келісім мен алдын алу жұмысының сапасына қатысты сұрақ туындатады. Әрине, бір адамның әрекеті бүкіл облыс тұрғындарының көзқарасын білдірмейді. Дегенмен, осындай мазмұндағы мәлімдемелердің таралуы Павлодар облысындағы идеологиялық саясаттың нәтижесін нақты бағалауды қажет етеді.
Осы жерде облыс әкімі Асайын Байхановтың аймақтағы басты тұлға ретіндегі жауапкершілігі туралы сөз бәрібір қозғалады. Өйткені, облыс әкімінің міндетіне өңірде мемлекеттік саясаттың жүзеге асуын қамтамасыз ету, жергілікті атқарушы органдардың жұмысын үйлестіру және әлеуметтік тұрақтылыққа қатысты мәселелерді бақылау кіреді. Ішкі саясат, жастар саясаты, мемлекеттік тіл, қоғамдық келісім және ақпараттық саясат бағыттары да осы жауапкершілік аясына жатады. Айтпақшы, 2024 жылғы тамыздан бері облыс әкімінің идеология мәселелері жөніндегі орынбасары қызметін Айгүл Маликова атқарады екен. Демек, Байхановтың әкім ретіндегі жауапкершілігінің бір ұшы орынбасарға да тиетіні анық.
Әлбетте, сепаратизм мен ұлтаралық араздықты қоздыру белгілері бойынша қылмыстық істерді тергеу құқық қорғау органдарының құзыретіне жатады. Яғни, әкімдер жекелеген істер бойынша тергеу жүргізбейді және соттың орнына шешім қабылдамайды. Алайда, мұндай әрекеттердің алдын алу, қоғамдық ахуалды бақылау, жастармен жүйелі жұмыс жүргізу және бөлінген бюджет қаржысының нәтижесін қамтамасыз ету облыс әкімдеріне жүктелген Конституциялық міндет болып қала береді.
Яғни, 2023 жылғы сот қараған ұлтаралық араздықты қоздыру ісі мен биылғы Екібастұздағы оқиға аймақтағы идеологиялық жұмыстың нақты нәтижесін қайта бағалау қажеттігін көрсетеді. Өйткені, қоғамдық келісімнің өлшемі өткізілген форумдар мен дөңгелек үстелдердің саны емес екені аян.
Тоқетерін айтқанда, Павлодар облысында мемлекеттің Тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына құрмет пен тұрғындардың өзара сенімін және арандатушылыққа қарсы қоғамдық иммунитет қалыптастыруға қатысты мәселенің басы ашық қалып тұр...