Танымал продюсер Гүлзира Айдарбекова отбасын қайғыға қалдырған суық хабарды әлеуметтік желіде бөлісті, деп жазды ozgeris.info.
Продюсердің айтуынша, анасының абысыны — ел ішінде «Күлше апа» атанған жақын адамы дүниеден өткен. Гүлзира ханым марқұмның жеті күндік асына арнайы барып, көңілдегі шерін жазып, өткен күндердің естелігін ақтарды. Желіде ол марқұммен түскен фото да жариялаған.
«Бұл менің бұрындары ауылға келгенімде инстама салып жүрген Күлше апам…» деп басталған жазбасында продюсер Күлше апаның өзіне шапан жауып, ақ орамал тағып, батасын берген сәттерін сағынышпен еске алады. «Маңдайымнан қысып, құшақтап анамды көргендей бетімнен сүйіп…» деген жолдардан-ақ, Гүлзираның бұл кісіні туған анасына тең көргені аңғарылады. Оның сөзінше, Күлше апа бір ғасыр ғұмыр кешкен.
Гүлзира ханым марқұмның үйі өздерінің шаңырағына қарсы орналасқанын, «сіздің үй, біздің үй» деп бөлінбей, бір отбасының адамындай аралас-құралас жүргенін айтады. Сол себепті «сонда да қимастық» деп, бала күнгі балғын шақ пен ата-ананың елесі көз алдына келгенін жеткізген. Жазбада жеті күндік аста жақындары жиналып, анасы мен Күлше апаны еске алған сәт те сөз болады.
Сондай-ақ продюсер көңілге ауыр қайғының ішінде де қазақы салттың, аманаттың барын атап өтеді. Айтуынша, Күлше апаның келіні марқұмнан қалған күміс білезік пен орамалдарды, кеудеше-нүмшені келіндерге таратып, бірін өзіне сыйлаған. «Ғаршандағы Күлше апамыздың 1 ғасыр өмірін берсін!» деген тілегін де көпшілікпен бөлісті.