Астана халықаралық қаржы орталығының соты ресейлік "Газпром" мен украиналық "Нафтогаз" компаниялары арасындағы дауға қатысты бұрынғы шешімін өзгертіп, халықаралық арбитраж шешімін Қазақстан аумағында орындау туралы ұстанымынан бас тартты, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұл жағдай халықаралық құқық пен Қазақстанның сот жүйесіне қатысты бірқатар сұрақ туғызатыны рас. Оқиғаның мән-жайына үңілсек, мәселенің негізі "Нафтогаз" бен "Газпром" арасындағы бірнеше жылға созылған сот дауында жатыр екен. Украиналық компания халықаралық арбитраж арқылы ресейлік энергетикалық алпауыттан шамамен 1,4 млрд доллар өндіріп алу құқығына ие болған. Осы шешімді Қазақстан аумағында мойындатып, орындау үшін АХҚО сотына жүгінген.
Алғашқы кезеңде АХҚО соты арбитраж шешімін Қазақстанда тануға мүмкіндік беретін шешім шығарған. Бұл "Газпромның" Қазақстандағы активтеріне қатысты өндіріп алу шаралары қолданылуы мүмкін деген пікірлерге себеп болды.
Алайда, кейін сот бұл ұстанымын қайта қарап, алдыңғы шешімнің күшін жойды. Негізгі себеп АХҚО сотының бұл істі қарауға құзыреті жеткіліксіз деген құқықтық қорытындыға келуі болып отыр. Яғни сот даудың мәніне, "Газпромның" қарызы бар ма, жоқ па деген мәселеге қайта баға берген жоқ. Негізгі мәселе халықаралық арбитраж шешімін Қазақстан аумағында орындау туралы өтінішті дәл осы сот қарауға құқылы ма деген сұраққа қатысты болды. Нәтижесінде, алдыңғы шешімнің күші жойылды.
Әрине, бұл оқиға АХҚО сотының халықаралық беделі үшін маңызды сынақ ретінде қабылдануда. Себебі, АХҚО соты шетелдік инвесторлар мен халықаралық компаниялар арасындағы дауларды шешетін, ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген тәуелсіз сот алаңы ретінде құрылған болатын.
Жалпы, "Газпром" ісі көрсеткендей, халықаралық арбитраж шешімін алу мен оны басқа елдің аумағында орындату екі бөлек құқықтық процесс екені белгілі. Біріншісі дауда жеңіске жетуді білдірсе, екіншісі сол шешімді нақты орындату мүмкіндігіне байланысты жағдай.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай істерде соттардың басты міндеті саяси жағдайға емес, құқықтық нормаларға сүйенуге тиіс. Яғни, Қазақстан үшін де халықаралық қаржы орталығының сот жүйесіне деген сенім мен оның юрисдикциясының шекарасын нақтылау маңызды болмақ.