Франция президенті Эммануэль Макрон АҚШ енгізген визалық шектеулерді қатаң сынға алып, оларды «қорқыту және Еуропаның цифрлық егемендігіне қысым жасау» деп атады, деп хабарлайды kznews.kz.
Аталған шектеулер Еуропалық Одақтың «Цифрлық қызметтер туралы» директивасын (Digital Services Act – DSA) әзірлеуге және ілгерілетуге қатысқан бес еуропалық азаматқа қатысты қабылданған.
Макронның айтуынша, бұл шешім Еуроодақтың заң шығару тәуелсіздігіне тікелей қарсы әрекет болып саналады.
«Бұл шаралар Еуропаның цифрлық егемендігіне қарсы қорқыту мен мәжбүрлеу әрекеті. DSA Еуропарламент пен Еуропалық Одақ кеңесі арқылы демократиялық жолмен қабылданды. Бұл заң Еуропада платформалар арасындағы әділ бәсекелестікті қамтамасыз ету және онлайн кеңістікте офлайнда қолданылатын ережелерді сақтау үшін қажет», – деп жазды Макрон X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
24 желтоқсанда АҚШ Мемлекеттік департаменті бірқатар еуропалық азаматтарға елге кіруге виза беруден бас тартты. Олардың қатарында Еуроодақтың ішкі нарық жөніндегі бұрынғы комиссары Тьерри Бретон, британдық Global Disinformation Index (GDI) ұйымының жетекшісі Клэр Мелфорд, Германиядағы HateAid ұйымының басшылары Анна-Лена фон Ходенберг пен Жозефине Баллон, сондай-ақ Вашингтондағы Цифрлық өшпенділікке қарсы орталықтың (CCDH) атқарушы директоры, британдық Имран Ахмед бар. Соңғысына АҚШ-та болу құқығынан айырылу қаупі төніп тұр.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио визалық шектеуге ұшыраған тұлғаларды
«америкалық азаматтар мен компанияларға қарсы репрессивті цензуралық шараларды ілгерілету үшін өз ықпалын пайдаланған радикалды белсенділер» деп атады.
Айта кетейік, бұған дейін Франция президенті Эммануэль Макрон Еуропаға Ресей президенті Владимир Путинмен тікелей диалогты қайта бастау жолын табу қажет екенін мәлімдеген болатын.