Осы үшін редакция бір ай бойы толассыз еңбек етіп, журналистер мен авторлардың ең нәрлі-сөлді материалдарын жинақтады. Оған редакторлар мен дизайнерлердің идеясы қосылып, газет мазмұны аз уақыттың ішінде байып шыға келді.Бұл нөмірде жата-жастана оқитын мақалалар көп-ақ, соның бірқатарын таныстырып өтейік, деп хабарлайды kznews.kz.
Журналист Елігімай Төңкер «Алғың келсе баспана, жолдары бар басқа да...» дейтұғын мақаласында тұрғын үй саласының мәйекті мәселесін қозғайды. Ол «Жыл сайын жаңа үйлер салынып, түрлі жеңілдетілген бағдарламалар іскеқосылып келеді. Үсті-үстіне салынып жатқан үйдің бірін ғана сатып алу үшін адамның жарты ғұмырыжетпейтіндей. Ал осы аралықта жан иесі қашан өмір сүріп үлгереді?» деп тосын сауалды алға тартады. Сөйтіп, бірнеше елдегі тәжірибелерді мысал қылып келтіреді. Сингапур мен Аустрия мәселенің түйінін қалай тарқатты? Олардың мысалы біздің реалды өміріміз бен отандық нарықтың стандартына сәйкес пе? Әлде бұл біздің санамыздағы шектеу ме? Автор бұған да жауап тапқан.
Ерекше тақырыпқа ие болған тағы бір мақала –«Лоукостердің «low» бағасы қайда?». Лоукостердің билетінен бастап көрсетілетін қосалқы қызметіне дейін арзан, қолжетімді болуы тиіс. Алайда «FlyArystan» компаниясының қызметтері өзге әуе компанияларының прайстарынан бір мысқал кем түспейді. Автор осы мәселені жеріне жеткізе талдайды және кәсіби экономистердің пікірімен де тұздықтайды. Әдетте өркениетті қоғамда ірі компаниялар баспасөз сынымен санасып жатады. «FlyArystan» да «Етжеңдінің» өздеріне айырықша назар аударғанын ескеруі тиіс деп білеміз.
Журналист Маржан Әбіш бұл жолғы мақаласында отандық кітап шығару ісінің күнгейі мен көлеңкесіне үңіліпті. Ол мақала басында нарықтағы кітап өндірісінің жалпы ахуалы қандай деген сауалға жауап іздейді де, одан кейін жекелеген мысалдарға көңіл бөледі. Оқырман қажетін өтеуге тырысып жатқан отандық баспалардың да хал-жағдайы терең сипатталыпты. «Мазмұндама» баспасының басшысы Шыңғыс Мұқанның айтуынша, бір кітапты əзірлеуге автор, редактор, корректор, беттеуші, суретші қатысадыжәне олардың еңбекақысы мен 1 000 дананы басып шығару шығынын қосқанда бір кітапқа 1 млн 190 мың теңге жұмсалады.
«Бұған қойма, тасымал жəне қаптама шығыны кірмеген. «Бір дананың өзіндік құны 1 190 теңгешықты. Біз оны 1 050 теңге көтерме бағамен сатамыз. Оның ішінде төлейтін салығымыз бар. Бізден сатып алып, кітап дүкендері мен маркетплейстер өз пайдасын қосып сатады. Бұл серия аясында шыққан кітаптар орташа есеппен жылына 650-700 дана сатылады. Яғни біз бұл кітапты шығарғанмен, алғашқы басылымынан пайда көрмейміз», дейді баспагер.
«Етжеңдінің» 6-шы бетіндегі «Крейсер командирі» деп аталатын мақала да көзімізге оттай басылды. Журналист Азамат Есенжол мақаласының бас кейіпкері – КСРО дәуірінде стратегиялық мақсаттағы атом сүңгуір қайық крейсерінің командирі болған, 1-рангалы капитан – Майдан Сәлменов. Ол бозбала күнінде әйгілі ғарышкер Юрий Гагаринмен жолығыпты. Содан кейін көп ұзамай Ленинградтағы жоғары теңізшілер училищесінде оқуға жолдама алады. Бұдан соң оның қызық та қиынды, қауіпті дежауапты бірде тегіс, ал бірде кедір-бұдырлы өмір жолы жалғасып жүреді. Оның бәрін түгел айту обал, сондықтан мәртебелі оқырманға «бұл мақаланы да міндетті түрде оқыңыз» деп кеңес бергеннен әріге аспаймыз.
Журналист, этнограф Бекен Қайратұлының әр мақаласы – тұнған тарих. Ол әр дүниесінде әр алуан жәдігерлерді жазып, біртіндеп ортайып қалған ұлт қазынасын түгелдеп жүргендей әсер қалдырады. Осы күні Алтын Орда дәуірі туралы жиі айтыла бастады. Тарихымызды таразыға тартқанда бұл кезеңнің қадірі мен маңызын әсте аттап өте алмаймыз. Өйткені Алтын Орда – біздің аяқ тірейтін қастерлі өткеніміз. Осынау ұлық ұлыс – бүгінгі қазақтың бастауы. Автордың жазуынша, Алтын Орда дәуіріне тән жәдігерлер бұл күндері Ресейдің ірі мəдени, тарихи ошақтары Эрмитажмемлекеттік музейі, Волгоград, Воронеж, Саратов облыстық өлкетану музейлері, Мəскеудегі Кремль музейі, Ресей Ғылым академиясы Уфа ғылыми орталығы этнологиялық зерттеулер қоры, Симферополь қалалық музей қоры, Беларусь Республикасының Ұлттық тарих музейі қатарлы орындарда сақтаулы. Олар – жапырақты айылбас, күміс саптыаяқ, алтын кісе, күміс тарақ.
«Өткенде Іле-Балқаш резерватына жіберілгенҮміт біздің есімізге осыдан отыз шақты жыл бұрын өткен бір оқиғаны салды» дейді «Егемен Қазақстанның» Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбай. Ол кезде Мұрат ағамыз жаңадан ашылған «Ақмешіт ақшамы» газетінің қызметкері екен. Бір күні редакцияға белгілі қаламгер Сайлаубай Жұбатырұлы келеді. Мақала бастала сала айтылған осынау ақпараттардың өзінен үлкен бір сырдың шаң көтеріп келе жатқанын оңай аңғарамыз. Сыр өңірінде бір замандарда жолбарыс емін-еркін жортыпты дегенді бұрын да естігенбіз. Бұл жолғы мақала соның жай-жапсарын түгел қамтып, етек-жеңін жинап бергендей-ақ екен.
Сонымен қатар, Қасымхан Ғалымның «Егізі көп ерек ауыл», Қазбек Құттымұратұлының «Жалпақталдағы мұнара», Байқал Байәділдің «Архив-Адам», Нұрқанат Құлабайдың «Атам заманғы ақсауыт», Жәнібек Әлиманның «Мінсіз»өмірдің құпиясы», Айдана Шотбайқызының «Қарсылық» мақалалары да көпшіліктің көңілінен шығары күмәнсіз деп білеміз. Ал белгілі режиссер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғанат Жақыпбайдың сұхбаты «Етжеңдінің» жүгін көтеріп тұр десек те жарасады. «Өнер ізденістен айырылса, сұраныстың құлына айналады» дейді ол. Осынау тақырыптың өзінде көп сыр жатқанын байқаймыз. Ол байырғы үрдісті, бүгінгі жаңашылдықтардыжәне ертеңгі өзгерістерді де пайымдайтын сықылды. Сұхбат алушы – журналист Назерке Жұмабай.
«Тақырып шақырып тұруы тиіс» деген тәмсіл бар. «Етжеңді» мақалалары осынау халық ауыз мәтеліне айналған «стандартқа» сай шығыпты. Ал сол тақырыптардың арғы жағына жасырылған жұмбақты тауып, қазынаны ашу үшін мақала, сұхбаттарды байыппен сіңіре оқыған да абзал. «Етжеңді» оқырман сенімін ақтайды, көпшіліктің көзайым нөміріне айналады деп үміт етеміз.