Орталықтың хабарлауынша, әсіресе жақында ашылған анонимді парақшалар белсенді, деп хабарлайды kznews.kz. Олар оқиға төңірегінде жаңа талқылаулар бастап, расталмаған мәліметтерді анықталған дерек ретінде ұсынып жүр. Ведомство желіде кең тараған бірнеше мәлімдемеге түсініктеме берді.
«Қаза тапқандардың нақты саны жасырылып отыр» деген ақпаратты орталық жоққа шығарды. Іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде деректер нақтыланып отырған. Қорытынды ресми мәлімет бойынша 14 әскери қызметші қаза тапты, Қорғаныс министрлігі олардың аты-жөнін жариялады.
Әскери қызметшілер тікұшақтан десантталды деген мәлімдеме де расталмаған. Жарияланған тергеу деректеріне сәйкес, олар тапсырманы катермен орындаған. Оқу-жаттығудың қалай ұйымдастырылғаны, қауіпсіздік талаптарының сақталуы және жауапты адамдардың әрекеті тергеу барысында анықталады.
«Тікелей командир мас болған» деген сөзге де негіз болатын дерек жоқ, деп мәлімдеді орталық. Аталған командир әскери қызметшілермен бірге қаза тапқан. Орталық мұндай айыптаудың марқұмның жақындарына қосымша ауыр тиетінін ескертті.
Әлеуметтік желіде қаза тапқан адамның денесі тасымалданып жатқандай көрсетілген видео тараған. Орталықтың тексеруінше, көлік бейнеленген бұл жазба қайғылы оқиғаға дейін, тамыз айында интернетке жарияланған. Сондай-ақ Каспий жағалауында түсірілді деп ұсынылған тағы бір видео іс жүзінде Марокконың Танжер қаласында түсірілгенін хабарлады.
«Мемлекет тергеу жүргізіп жатқан жоқ» деген мәлімдеме де шындыққа сай емес. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылған. Қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Президент өкімімен Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды кешенді тексеретін бөлек комиссия да құрылды.
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы расталмаған жазбаларды бөліспес бұрын олардың дереккөзі мен жарияланған уақытын тексеруге шақырады. Ескі бейнені жаңа оқиғаға телу немесе болжамды факт ретінде тарату жұртты жаңылыстырып қана қоймай, қаза тапқандардың отбасыларына да ауыр тиеді.
Орталық көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін Қылмыстық кодекстің 274-бабында жауапкершілік көзделгенін еске салды. Онлайн-платформаларды пайдалану арқылы жасалған әрекет үшін жаза үш жылға дейін, ал ірі залалға немесе өзге ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайда бес жылға дейін бас бостандығынан айыруды қамтуы мүмкін.