Танымал әнші, Халық әртісі Мақпал Жүнісова күні кеше туған күнін жақындарымен атап өтті. Кеш барысында қызы Мерей Заманбекқызының анасына арнаған жүрекжарды тілегі көпшілікті толқытты, деп хабарлайды kznews.kz ozgeris.info сайтына сілтеме жасап.
Бейнежазбада Мерей анасын құшақтап, гүл шоғын ұсынып, өміріндегі ең үлкен тіректерінің бірі екенін айтады. Ол «әрқашан сенің қасыңдамын, сен де менің қасымда бола бер» деп, анасының жанынан алыстамайтынын жеткізеді. Сонымен бірге, болашаққа қатысты ең нәзік арманын да жасырмай, ананың жүрегін елжіретер сөз айтады.
Мерейдің айтуынша, ертең Алла қаласа тұрмыс құрып, ана атанып, сол сәттің куәсі ретінде Мақпал Жүнісованың жанында болғанын қалайды. «Сен қасымда әдемі әже болып жүре бер. Соған өте қатты қуанамын…» деген тілегі көптің көңілін босатты. Ол соңында «Сені қатты жақсы көремін. Сендей ана берген Аллаға мың алғыс» деп ағынан жарылған.
Желі қолданушылары да бұл сөзден тыс қалмай, жылы пікірлерін қарша боратқан. Олар «Мерейіңіздің ақ тілегі қабыл болсын!», «Тездетіп сол күнге жетуді Алла нәсіп етсін», «Асыл арманы орындалып, бір басы екеу болып, сізді қуанта берсін» деп, игі тілектерін жазды. Көпшілік Мерейдің инабатты сөзін ананы қадірлеудің үлгісі ретінде бағалап, бейнежазбаның астын ақ батамен толтырған.