Руслан Ташбаевтың айтуынша, ол Қазақстанның бірнеше қаласында өткен концерттерді ұйымдастыруға және өткізуге белсенді түрде қатысқан. Алайда атқарған жұмысы үшін тиесілі ақшасын әлі күнге дейін ала алмаған.
Әнші Төреғали Төреәлінің 33 жасқа толуына орай ұйымдастырылған «Tore show» концерттік жобасынан кейін қаржылық дау туындады. Жобаға атсалысқан астаналық тұрғын бір жылдан бері еңбекақысын ала алмай жүргенін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Руслан Ташбаевтың сөзінше, бұл мәселеде жалғыз өзі емес, Нази есімді әріптесі де еңбекақысын күтіп жүр. Екеуі де продюсерлік орталыққа бірнеше рет хабарласқанымен, нақты жауап пен төлем мерзімін ала алмаған.
«Өкінішке қарай, Tore show үшін төленуі тиіс ақшамды толық ала алмадым. Мен ғана емес, Нази есімді әріптесім де еңбекақысын алған жоқ. Қазір екеуміз де істеген жұмысымыздың ақысын алу үшін күресіп жүрміз. Бұл мәселені шешу мақсатында продюсерлік орталыққа талай хабарласып келеміз. Алайда нақты жауап ала алмай отырмыз. Ақшаның қашан төленетіні белгісіз, ешкім нақты мерзім айтпайды», — дейді ол.
Сондай-ақ Руслан Ташбаев бастапқыда ауызша келісілген ақы мен кейін жіберілген келісімшарттағы соманың бір-біріне сәйкес келмегенін алға тартты. Оның айтуынша, құжатта көрсетілген қаражаттың өзі де әлі төленбеген. Осыған байланысты ол мәселе шешілмесе, сотқа жүгінуге дайын екенін жеткізді.
Ал дауға қатысты пікір алу үшін журналистер продюсер Жан Мұқановқа хабарласқан. Алайда ол ресми сұхбат беруден бас тартып, айтылған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеген. Продюсер еңбекақысын талап етіп жүрген азаматтарды танымайтынын айтқан.