Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерді шығаратын ірі отандық баспалардың өкілдерімен кездесті. Жиында оқу әдебиеттерінің сапасын арттыру және оқулықтарды кезең-кезеңімен жаңарту мәселесі талқыланды, деп хабарлайды kznews.kz.
Министрлік мәліметінше, бұл жұмыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім сапасын жақсарту және оқушыларды заманауи оқу материалдарымен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары аясында жүргізіліп жатыр.
Кездесуде мектеп оқулықтарының мазмұнын жаңарту, олардың мемлекеттік білім беру стандарттарына сәйкестігі және министрлік, сарапшылар қауымдастығы мен баспалар арасындағы өзара жұмысты күшейту мәселелері қаралды.
Жұлдыз Сүлейменова баспа өкілдеріне жаңартылған оқулықтарды дайындау және басып шығару мерзімдерін қатаң сақтау қажет екенін айтты. Министр оқулықтарды жаңарту жұмысы жүйелі әрі сапалы жүргізілуі тиіс екенін атап өтті.
Сондай-ақ ол бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева жариялаған талдау нәтижелеріне тоқталды. Талдау барысында қолданыстағы мектеп оқулықтарынан 700-ден астам ескерту мен қате анықталған.
Оқулықтарды жаңарту оқу материалдарының сапасын көтеруге, оларды қазіргі білім беру талаптарына және мемлекеттік стандарттарға сәйкестендіруге бағытталған.
Жиында жаңартылған оқулықтарды мектептерге жеткізу мерзімдері де айтылды. Жоспар бойынша 3 және 7-сыныптарға арналған оқулықтар 2026 жылғы 30 тамызға дейін, 4 және 9-сыныптарға арналғандары 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін, ал 8-сынып оқулықтары 2027 жылғы 1 сәуірге дейін жеткізілуі керек.
Кездесу қорытындысында тараптар жаңартылған оқу басылымдарын уақытылы әрі сапалы дайындау үшін бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екенін жеткізді.