Петропавл қаласының бұрынғы шенеунігі, облыстық мәслихаттың экс-депутаты Павел Булаев және оның серіктестерінен 800 млн теңгеден астам қаражатты қалалық бюджетке қайтару туралы сот шешімі шықты, деп хабарлайды kznews.kz.
Қалалық әкімдік келтірілген шығынды өтеу жөнінде талап-арыз берген. Тергеу нұсқасы мен сот шешіміне сәйкес, қаражат Булаев коммуналдық кәсіпорын мен кейінгі серіктестікті басқарған кезеңде аффилирленген компаниялар мен жалған келісімшарттар арқылы шығарылған.
Атап айтқанда, ол алдымен «Очистные сооружения» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнын, кейін «Очистные, водопропускные и водоотводные сооружения» ЖШС-ін басқарған.
Тергеу деректеріне қарағанда, күдікті бұл схеманы шамамен сегіз жыл бұрын құрған. Жүйе қарапайым болған: өзіне тиесілі компаниялар ашылып, олармен конкурссыз тікелей келісімшарттар жасалған. 2018 жылы коммуналдық кәсіпорын таратылғаннан кейін схема тоқтамай, керісінше кеңейе түскен.
Іс материалдарына сәйкес, тек 2019 жылы арнайы техниканы «жалға беру» арқылы 59 млн теңге шығарылған.
Кейін бұл схемаға Булаевтың таныстары – орынбасары Денис Маршалов, заңгер Руслан Яковенко және жабдықтаушы Лев Шакшакбаев тартылған. Олардың атына компаниялар рәсімделіп, сол ұйымдармен үйлерді бұзу, көлік жөндеу, арнайы техника жалға алу, инженерлік желілер салу және құрылыс материалдарын жеткізу бойынша келісімшарттар тікелей жасалған.
Сот анықтағандай, 2020-2022 жылдары техникасы мен қызметкерлері жоқ жалған мердігерлер арқылы Булаев пен Маршалов 348 млн теңге шығарған. Бұдан бөлек, Яковенко арқылы нөсерлік кәріз жүйелері бойынша шамамен 131 млн теңге табыс түскен. Ал Шакшакбаевпен бірге тағы 195 млн теңге бюджеттен шығарылған.
Сот барысында Булаевтың бұрынғы жұбайының мүлкі де назарға іліккен. Іс материалдарында жылжымайтын мүлік, арнайы техника және қымбат автокөліктер көрсетілген. Олардың шығу тегін ол «сыйлық» деп түсіндіргенімен, кімнен алынғанын нақтыламаған.
2025 жылдың маусым айында бірінші инстанция соты Павел Булаевты 8 жылға бас бостандығынан айырған, ал оның сыбайластарына 7,5 жылдан жаза тағайындалған. Апелляция нәтижесінде бір эпизод алынып тасталып, жаза мерзімі 7 жылға дейін қысқартылды, сондай-ақ тәркіленген мүліктің бір бөлігі иелеріне қайтарылды.
Соған қарамастан, бюджетке келтірілген шығынды өтеу мәселесі бірнеше ай бойы ашық күйінде қалған еді. Енді азаматтық сот Булаев пен оның серіктестерінен шамамен 806 млн теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды.
Айта кетейік, сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.