KZNews.kz
Қоғам

Екі аттың үстінде тік тұрып шапқан қазақ шабандозы әлемдік рекорд орнатты (видео)

Torgyn Abushakhman

Қазақ шабандозы Ернар Жасұзақ екі аттың үстінде тік тұрып, 2 шақырымды сағатына 60 км жылдамдықпен шауып өтіп, әлемдік рекорд орнатты. Бұл туралы Kazinform агенттігіне сілтеме жасаған Kznews.kz хабарлайды.

Ақпарат агенттігінің жазуынша, бұл өнері үшін Ернар Жасұзақ Дүниежүзілік рекордтар кітабының GBR кейіпкері атанып, Қазақстанның ат спорты тарихына жаңа белес қосқан. 

Ернардың айтуынша, осы рекордты орнату үшін үш айдан аса уақыт дайындалған. Бірталай қиындықпен де бетпе-бет келген.

"Ең әуелі аттарымыз қиналды. Аяқтары ауырған кездер болды. Сәтсіз жағдайлардың кесірінен аттан да құладым. Тұра да алмай қалдым. Бірақ алға қойған мақсатыма ұмтылып, сол қиындықтың бәрін еңсеру үшін бар күш-жігерімді салдым", - дейді рекордсмен.

Ернар жаңа рекордты бір дегеннен-ақ сәтті орындаған. 20 қыркүйек күні оған тек екі мүмкіндік берілген.

"Бірақ бірінші мүмкіндіктен алып шықтық. Десе де оған дейін қаншама сәтсіз тәжірибелер болды ғой. Бұл белеске жету оңай болған жоқ. Қауіпсіздік шараларын да ескердік. Бірақ аттың үстінде тұрғанда бар жауапкершілік тек менде болады. Екі аттың балансын бірдей етіп ұстап отыру, екі аттың үстінде тұрғанда басқа жаққа ауып кетпеу, аттардың басқа бағытқа келіп қалмауы, барлығы тек маған байланысты", - дейді шабандоз.

Ол келесі жылы тағы да бір рекорд орнатуға ниетті.

 

Torgyn Abushakhman
Автордың басқа материалдары