Аралас жекпе-жек өкілі Шавкат Рахмоновтың жұбайы қатысқан жол-көлік оқиғасына байланысты сот процесі өтті, деп хабарлайды kznews.kz.
Өткен жылдың жазында болған қайғылы апат салдарынан екі әйел қаза тапқан. Сот барысында марқұмдардың бірінің отбасы айыпталушы Гүлайым Рахмонованы кешіретінін мәлімдеді. Бұл туралы Kazinform агенттігі хабарлаған еді.
Марқұмның әкесі сотта қаралы хабарды сол күні кешке қарай естігенін айтты. Оның айтуынша, Алматыдағы үйлеріне айыпталушының туыстары және жол апатынан қаза болған екінші әйелдің анасы келген.
«Олар бізден кешірім сұрады. Біз бірге жыладық», – деді ол сот отырысында.
Сондай-ақ әкесі айыпталушы жақ марқұмның денесін Жамбыл облысынан жеткізуге көмектескенін және жерлеу рәсіміне қатысты шығындардың бір бөлігін өтегенін жеткізді.
Судьяның «Айыпталушыны кешіресіз бе?» деген сауалына ол: «Жол үстінде не боларын ешкім білмейді», – деп жауап берді.
Қайтыс болған әйелдің артында 2006 жылы дүниеге келген ұлы қалды.