Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларға көмектесу үшін дүкендер мен дәріханаларды қауіпсіз орынға айналдыру ұсынылды. Бұл туралы Құрылтай депутаты Лариса Ли депутаттық сауалында мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Депутаттың айтуынша, «PANA» деп аталатын қоғамдық жоба аясында тұрғындарға жақын орналасқан дүкендер, дәріханалар, МИК және КСК кеңселері қауіпсіз орын ретінде белгіленеді.
«Үйіңіздің жанында, 60 секундтық жерде есігінде “PANA” белгісі бар орынды көрген әйел немесе бала сол жерге кіріп, көмек сұрай алады», – деп түсіндірді депутат.
Жоба тәртібіне сәйкес, қызметкерлер жәбірленушіні арнайы бөлмеге кіргізіп, агрессордан оқшаулайды, алғашқы көмек көрсетіп, тиісті қызметтерді шақырады.
Лариса Ли тұрмыстық зорлық-зомбылық пен сталкингке қарсы заңдар қабылданғанымен, жәбірленушілерді қорғау тетіктері көбіне оқиғадан кейін іске қосылатынын атап өтті.
«Зорлық-зомбылық немесе қудалау кезінде жәбірленушінің қашып шығуына санаулы минуттар ғана болуы мүмкін. Есеңгіреп қалған, телефоны мен ақшасы жоқ адам полиция бөліміне барып, арыз жазуға асыға алмайды. Егер бірден паналайтын жер болмаса, ол қауіпті жағдайда қала береді», – деді ол.
Депутаттың сөзінше, «PANA» жобасы мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат бөлуді қажет етпейді. Себебі оған қатысуға дайын кәсіпкерлер мен ұйымдардың жұмыс істеп тұрған нысандары пайдаланылмақ.
Бастаманы толық іске асыру үшін оны прокуратура, полиция, «Жанұя» отбасын қолдау орталықтары мен дағдарыс орталықтарын біріктіретін FSM Social цифрлық платформасына қосу ұсынылған.
«Қудалау немесе қауіптің алғашқы белгілері туралы ақпаратты барлық жауапты қызмет бір мезетте көре алуы керек. Бұл ауыр қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік береді», – деп есептейді Лариса Ли.
Депутаттың мәліметінше, Астана, Көкшетау және Теміртау қалалары жобаны пилоттық режимде іске қосуға дайын. Алайда бастамашылардың айтуынша, мемлекеттік органдар FSM Social платформасына қосылуға қажетті техникалық қолжетімділікті бермей отыр.
Осыған байланысты Лариса Ли Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігінен «PANA» жобасына цифрлық платформаға қолжетімділік беруді, сондай-ақ қоғамдық көмекшілер үшін жеке IP-мекенжай мен біржақты техникалық байланыс арнасын бөлуді талап етті.
«Осы қолжетімділікті ашыңыздар. Бұл цифрлық арнаның іске қосылуы азаматтарымыздың өмірін дер кезінде сақтап қалу үшін мемлекет пен бизнестің күшін біріктіреді», – деп түйіндеді депутат.