Әнші Дильназ Ахмадиева «Замандас» подкастында Қазақстандағы қазақ тілінің орны туралы ашық пікір айтты. Ол, әсіресе қызмет көрсету саласында істейтін мамандар мемлекеттік тілде сөйлеуді міндет деп санайтынын жеткізді, деп хабарлайды kznews.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме беріп.
Дильназдың айтуынша, халықпен тікелей жұмыс істейтін орындарда қазақша қызмет көрсету қалыпты талапқа айналуы керек. Әнші тіл білмеу салдарынан туындайтын даулы жағдайлар азайып келе жатқанын да атап өтті. Ол жуырда қазақша жауап беруден бас тартқан қызметкердің жұмыстан шығарылғаны туралы мысалды келтіріп, бұл мәселеге қоғамның талабы күшейгенін меңзеді.
– Қызмет көрсету міндетті түрде қазақ тілінде болуы керек. Тек қазақ тілінде болуы тиіс. Бұл – қалыпты құбылыс. Сондықтан, меніңше, қазір адамдар сөйлей алмаса, осындай жағдайлардың бәрі тоқтатылып жатыр. Жақында бір қызды әлдебір мейрамханадан жұмыстан шығарыпты, ол қазақша бірдеңе деп жауап бергісі келмеген, онда орманға барсын. Сен Қазақстанда тұрасың, әсіресе қызмет көрсетуші персоналда, банкте немесе тағы бір жерде жұмыс істесең, қазақ тілін білуге міндеттісің, – деді Ахмадиева.
Дильназ Ахмадиева – қазақстандық эстрадада өз орны бар әнші, актриса әрі тележүргізуші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол Алматыда өнерлі ортада өсіп-жетілген: анасы – балерина, әкесі – актер әрі әнші. Сахнаға ерте араласқан өнерпаз көпшілікке 2000-жылдардың басында шыққан альбомынан кейін кеңінен таныла бастады. Әнші шетел сахналарында да өнер көрсетіп, кино жобаларға қатысып, бүгінге дейін ел эстрадасындағы танымал есімдердің қатарында.