Құрылтай депутаты болып жаңадан сайланған Армангүл Тоқтамұрат алғашқы жұмыс күндерінің бірінде журналистердің сұрағына жауап беруден бас тартты. Құрылтай ғимаратының алдында тілшілер сауал қойған сәтте экс-тележүргізуші сұрақтарға пікір білдірмей, ғимарат ішіне асығыс кіріп кеткен, деп хабарлайды kznews.kz.
Оқиғаға қатысты видео әлеуметтік желіде тарап, онда журналистердің депутатқа бірнеше сауал қоюға тырысқаны көрінеді. Алайда Армангүл Тоқтамұрат тілшілермен тілдесудің орнына үнсіз қалып, ғимаратқа қарай бет алған.
Журналистер жаңа депутаттан Құрылтайдағы жұмысы, алдағы жоспары және халық алдында көтеретін мәселелері туралы сұрамақ болған. Дегенмен депутат бұл сұрақтарға жауап бермеді.
Армангүл Тоқтамұрат Құрылтай депутаттығына «Әділет» партиясының атынан сайланған. Ол бұған дейін республикалық телеарналарда журналист әрі тележүргізуші болып қызмет атқарған.
Бұрын журналистермен кәсіби тұрғыда жұмыс істеген Тоқтамұраттың депутат ретінде тілшілер сауалына жауап бермеуі әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударды. Қазір видеоға қатысты желіде түрлі пікір айтылып жатыр.