Түркістан облысында жантүршігерлік жол апаты: бір отбасының бес баласы қаза тапты
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Былтырғы бюджет: мемлекет қаржыны қай салаларға көбірек бөлді?

Былтырғы бюджет: мемлекет қаржыны қай салаларға көбірек бөлді?
Фото: ЖИ көмегімен жасалған.

Үкімет 2025 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы толық есебін жариялады. Мәліметке қарағанда, мемлекеттік шығыстардың басым бөлігі халықтың әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз етуге, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және экономиканың нақты секторын қолдауға бағытталған.

2025 жылы әлеуметтік салаға 9,3 трлн теңге бөлінген. Оның ішінде 5,9 трлн теңге зейнетақы мен жәрдемақылар төлеуге, 2,1 трлн теңге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жұмсалды. Бұдан бөлек, өңірлерге 7,7 трлн теңге көлемінде трансферттер берілді.

Бұл қаражат мемлекет қабылдаған әлеуметтік міндеттемелерді орындауға, бюджеттік ұйымдардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге және халыққа көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің үздіксіз қаржыландырылуына мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, былтыр білім мен адами капиталға бағытталған инвестиция көлемі артты. Атап айтқанда, 2025 жылы елімізде 198 мектеп, 655 денсаулық сақтау нысаны және 30 студенттік жатақхана пайдалануға берілді. Сонымен қатар 20 жоғары оқу орнында жасанды интеллект саласының мамандарын даярлау басталды. Astana Hub экожүйесінде бүгінде 2200-ден астам IT-компания жұмыс істейді, олардың бес жүзден астамы шетелдік қатысуы бар кәсіпорындар екен.

Жалпы, бұл жобалар адами капиталдың сапасын арттырып, еңбек өнімділігін көтеруге және инновациялық экономиканы дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді инвестициялар болып саналады.

Мұнан бөлек, өткен жылы 13 мың шақырымға жуық автомобиль жолы жөнделіп немесе салынған. 980 шақырым инженерлік-коммуникациялық желі тартылып, 6,3 мың шақырым су құбыры мен кәріз желілері салынды және қайта жаңғыртылды дейді.

Сондай-ақ, жаңа теміржол желілерін салу және халықаралық транзиттік бағыттарды дамыту жұмыстары жалғасты.

Мұндай жобалар көлік және логистикалық шығындарды азайтып, өңірлер арасындағы байланысты күшейтуге әрі инвестициялық тартымдылықты арттыруға ықпал етеді.

Былтыр коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға қатысты да үлкен жобалар басталды. Яғни, Ұлттық инфрақұрылымды жаңғырту жобасы аясында шамамен 1 трлн теңге игеру жоспарланған. Қаржының негізгі бөлігі бюджеттен тыс көздерден тартылмақ. Сонымен бірге алдағы үш жылда Ислам даму банкінің қолдауымен арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың инфрақұрылымын дамытуға тағы 1 трлн теңгеге жуық қаражат бағыттау көзделген. Бұл шаралар инженерлік желілердің тозуын азайтып, коммуналдық қызметтердің сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Тағы бір маңызды сала - ауыл шаруашылығын қолдау күшейген. Дерекке қарасақ, аграрлық секторды дамытуға 1,1 трлн теңге бөлінген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 172 млрд теңгеге көп. Қаражат ирригациялық жүйелерді жаңғыртуға, каналдарды тазалауға және гидротехникалық құрылыстарды жөндеуге жұмсалды.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай инвестициялар ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығын күшейтіп, су ресурстарын тиімді пайдалануға жол ашады.

Сондай-ақ, ішкі экономикаға инвестиция тарту жалғасуда. Қаржы министрлігінің мәліметінше, Инвестициялық штаб жалпы құны 70 млрд АҚШ долларын құрайтын 126 инвестициялық жобаның мәселелерін шешуге ықпал еткен. Ал тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 20,5 млрд АҚШ долларына жетті. Сонымен қатар болашақ өнеркәсіптік жобалардың негізін қалыптастыру мақсатында геологиялық барлау жұмыстарына ерекше назар аударылып отырған көрінеді.

Қорыта айтқанда, 2025 жылғы республикалық бюджет құрылымы мемлекеттің бір жағынан әлеуметтік міндеттемелерді толық орындауға, екінші жағынан экономиканың ұзақ мерзімді дамуына негіз болатын білім, инфрақұрылым, технология және өндірістік әлеуетке инвестицияны ұлғайтуға басымдық бергенін көрсетеді. Бұл саясат алдағы жылдары экономиканың тұрақты әрі сапалы өсіміне негіз қалыптастыруға бағытталған.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.