Қорғаныс министрлігі Жамбыл облысында ант қабылдау рәсімінен кейін әскери қызметкердің көзінен жарақат алу оқиғасына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды kznews.kz.
Жас сарбаздардың ант беруі кезінде арнайы бөлімше өз шеберлігін көрсетпек болған. Алайда қауіпсіздік талаптарының бұзылуы салдарынан келісімшарттағы әскери қызметкер жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Оған ота жасалып, офтальмология орталығында толық медициналық көмек көрсетілді.
Министрдің орынбасары Серік Борамбаевтың айтуынша, әскери қызметкердің бір көзі көреді, ал екінші көзінің көру қабілеті әлі қалпына келмеген. Соған қарамастан, ол әскер қатарында қалатыны ресми түрде шешілген.
Оқиға бойынша ішкі тергеу жүріп жатыр. Кінәлілер жақын арада анықталады. Өтемақы көлемі әскери-медициналық комиссияның қорытындысына сәйкес белгіленеді.
"Бұл бірінші жағдай емес. Бұл – әскерге шақырылғандар емес, олар келісімшарт бойынша қызмет ететін сарбаздар. Ол кәсіби маман. Әсіресе, ол элиталық бөлімшеде қызмет еткен. Иә, кез келген нәрсе болуы мүмкін. Қазір осында тұрмыз. Бірақ шыққан соң, тайып құлап, аяғыңызды сындырып алуыңыз мүмкін", – деді министрліктің өкілі.
Борамбаев бұл жағдай әдейі жасалмағанын, жауынгерлік дайындық көрсету кезінде болған қайғылы оқиға екенін атап өтті. Оның сөзінше, қажетті талаптарға сай келсе, бір көзбен де әскери қызметті жалғастыруға болады.