KZNews.kz
Жаңалықтар

"Бұл адамгершілік мәселесі": Асхат Аймағамбетов көптен бері шешілмей келе жатқан мәселені ашып айтты

Қайсар Қанат
Informburo.kz. Суретте: Асхат Аймағамбетов

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Threads әлеуметтік желісінде науқас азаматтардың әлеуметтік құқықтарына қатысты маңызды мәселені көтерді, деп хабарлайды kznews.kz.

Депутаттың айтуынша, қазіргі қолданыстағы заңнама бойынша азаматтың жеке өтінішінсіз мүгедектікті рәсімдеу, жәрдемақы мен техникалық оңалту құралдарын (ТСР) алу мүмкін емес. Ал айлап комада жатқан адамдар өз еркін білдіре алмайды, өтініш жазып, қол қоюға да қауқарсыз.

Осыған байланысты, Аймағамбетов бұл жағдайды түбегейлі өзгертуге бағытталған заңнамалық түзету ұсынылғанын хабарлады.

"Енді комада жатқан адамның заңды өкілдері оның атынан өтініш беріп, мүгедектікті рәсімдей алады. Кейін жәрдемақыларды, ТСР мен басқа да қажетті әлеуметтік көмекті алу мүмкіндігі туады. Бұл – ең алдымен адамгершілік мәселесі", – деп жазды депутат.

Айта кетейік, ұсынылып отырған түзету әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтардың құқықтарын қорғауға және олардың отбасыларына түсетін ауыртпалықты азайтуға бағытталған.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →