Жаңалықтар

Асхат Аймағамбетов қазіргі ата-аналардың бас қайғысына айналған мәселені ашып айтты

Асхат Аймағамбетов қазіргі ата-аналардың бас қайғысына айналған мәселені ашып айтты
Sputnik / Санат Имангалиев. Суретте: Асхат Аймағамбетов

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов балалардың смартфон мен ойын платформаларын пайдалануын қайта қарау қажет екенін айтты, деп хабарлайды kznews.kz.

Кулуарда сөйлеген депутаттың сөзінше, бүгінгі цифрлық орта балалардың психикалық және эмоционалдық дамуына кері әсер ете бастады. Смартфондар зейінді шашыратады, ұйқы режимін бұзады, тәуелділікке әкеледі және депрессиялық күйді күшейтуі мүмкін.

Аймағамбетов мәселені тыйым арқылы шешу мүмкін емес екенін, керісінше балаларды қорғауға бағытталған кешенді тәсіл қажет екенін атап өтті.

"Өкінішке қарай, бұл құрылғылар балалардың назарын шоғырландыруына мүмкіндік бермейді. Ұйқысына, дамуына, психикасына әсер етеді. Сондықтан жай тыйым емес, цифрлық гигиена, сапалы білім беру контенті, балалардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыру сияқты кешенді шаралар қажет", — деді ол.

Депутат қауіп нақты ойын платформаларынан да туындайтынын атап өтті. АҚШ пен Ұлыбританияда танымал ойындар арқылы педофилдер кәмелетке толмағандармен байланысқа шығып, қылмысқа барған деректер болғанын айтты.

Аймағамбетов 5-9 жас аралығындағы балалардың TikTok лентасын сағаттап айналдырып отыруы қауіпті екенін, смартфонды тым ерте әрі бақылаусыз қолдану олар үшін "қолға сіріңке ұстатқанмен" бірдей екенін жеткізді.

"Бүгінде баланың қалтасында ойын автоматы жүр деп айтуға болады. Тәуелділік тудырады. Жасанды интеллект дәуірінде балалардың бір-бірімен тікелей сөйлесуі, қарым-қатынас орнатуы өте маңызды", – деді депутат.

Ол мектептерде телефон қолдануды шектеу, балалардың бос уақытын үйірмелер мен секциялар арқылы тиімді ұйымдастыру, цифрлық сауаттылық пен кибергигиенаны күшейту бойынша шараларды қарастыруды ұсынды.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz