KZNEWS.KZ
Аймақ

Бүйірі қабысқан бюджет пен бұйығы күн кешкен әлеумет: Сақтағанов Шығысты қалай сақтап қалмақ?

Фотоиллюстрация: Kznews.kz

Рас, облыс әкімдігі жиі жариялайтын деректерде оң көрсеткіштер бар, бірақ, аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалын бағалағанда, ресми есептердегі өсім көрсеткіштерімен ғана шектелуге болмайды. Өңірдің тұтас картинасы бюджет кірісінің құрылымы, өндірістің нақты жағдайы, халықтың сатып алу қабілеті, көші-қон және экологиялық ахуал өзара байланысты болып отыр. Осы көрсеткіштерге қатар қарағанда, Нұрымбет Сақтағанов пен оның командасының алдында тұрған бірнеше мәселе айқын көрінеді.

Әуелі, бюджеттегі тәуелділікке қатысты бірер сөз. Ашық дереккөздердегі мәліметке қарағанда, 2026 жылға арналған облыстық бюджет кірісі 451,2 млрд теңге, шығысы 494,4 млрд теңге көлемінде бекітілген. Оның ішінде трансферттер түсімі 377,6 млрд теңгені құрайды. Яғни, жоспарланған бюджет кірісінің шамамен 83,7 пайызы трансферттер есебінен қалыптасады. Ал салық түсімдері 61,7 млрд теңге көлемінде қарастырылған. Трансферттердің басым бөлігі, нақты 260,8 млрд теңге республикалық бюджеттен түседі екен. Бұл өңірдің өз кірісіне сүйеніп, әлеуметтік міндеттемелер мен инфрақұрылымдық шығындарды толық қамтамасыз ету мүмкіндігінің шектеулі екенін көрсетеді.

Әрине, орталықтан трансферт алу өңірдің экономикалық әлсіздігінің дәлелі емес. Өйткені, өңірлер арасындағы қаржылық теңгерімді сақтау бюджеттік саясаттың қалыпты тетігі. Алайда, өнеркәсіптік әлеуеті жоғары аймақтың кіріс құрылымында республикалық бюджет қаражатының осыншалық басым болуы жергілікті экономиканың кіріс әкелу қабілетінің әлсіз екендігін аңғартады.

Сондықтан мәселе трансферттің көлемінде ғана емес, оның нәтижесінде екенін ұмытпауымыз керек. Бұл жерде дәстүрлі сұрақ туындайды: бөлінген қаражат өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, тұрақты жұмыс орындарын ашуға және болашақта бюджет кірісін ұлғайтуға қаншалықты ықпал етіп жатыр? Бұл сұраққа жауап беру үшін бюджет шығыстарының орындалуы мен нақты нәтижелерін салыстырып шығу керек. Дәл осы жерден Шығыс Қазақстан облысының инвестициялық тартымдылығы туралы айтуға болады.

Дерекке қарасақ,биылғы қаңтар - қыркүйек айларында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 632,1 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,4 пайызға өскен. Құрылыс жұмыстарының да нақты көлемі 15,2 пайызға артқан. Ауыл шаруашылығында да 3,4 пайыз өсім тіркелген. Бірақ, бәрекелді деуге асықпаған жөн. Өйткені, өнеркәсіптегі жағдай керісінше болып отыр. Статистика бойынша аймақта тоғыз айда өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,58 трлн теңге болғанымен, нақты көлем индексі 94,3 пайызды құрады. Демек, өндіріс өткен жылдың сәйкес кезеңінен 5,7 пайызға төмендеген. Оның ішінде тау-кен өнеркәсібі 5,6 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 6,5 пайызға қысқарған. Яғни, бұл өңір экономикасындағы басты қайшылықтардың бірі болып отыр. Жалпы, инвестицияның өсуі өндірістің автоматты түрде ұлғаюына әкелмейді. Қаражаттың қандай салаларға бағытталғаны, жаңа қуаттардың іске қосылған-қосылмағаны, кәсіпорындардың өндірістік жүктемесі және инвестициялық жобалардың нақты нәтижесі маңызды. Тағы да дерекке жүгінсек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша облысқа негізгі капиталға 838 млрд теңгеден астам инвестиция салынғаны, ал жалпы инвестициялық портфельде 101 жоба бар екені мақтанышпен айтылған екен. Алайда, инвестициялық портфельдің жалпы құны мен іске асқан жобаларды бір көрсеткіш ретінде қарастыруға болмайды-мыс. Жоспарланған жобадағы уәде нақты іске қосылған өндіріс орнына, ал жарияланған жұмыс орны тұрақты жұмыспен қамтылған адам санына тең болмай тұр.

Мұны аймақтағы әлеуметтік жағдайға қатысты да айтуға болады. Қарасақ, биылғы екінші тоқсанда облыстағы орташа айлық атаулы жалақы 454 226 теңге болған. Бірақ, бір жылда атаулы жалақы 8,7 пайызға өскенімен, нақты жалақы индексі 98,5 пайызды құрады. Бұл жалақының сатып алу қабілеті өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төмендегенін білдіреді.

Яғни, қағаз жүзінде табыс көбейгенімен, баға өсімін есепке алғандағы тұрғындардың нақты мүмкіндігі дәл сол деңгейде артпағаны байқалады.Орташа жалақы көрсеткіші де барлық азаматтың табысын бірдей сипаттамайды. Демек, облыстағы жекелеген жоғары жалақы алатын салалар жалпы орташа көрсеткішке әсер етуі мүмкін.

Ал облыстағы жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз деп көрсетілген. Бірақ, бұл көрсеткіш еңбек нарығындағы барлық мәселе шешілді дегенді білдірмейді. Ресми жұмыссыздық деңгейімен қатар тұрақты жұмыстың сапасы, жалақы мөлшері, жастардың жұмыспен қамтылуы және ауылдық жерлердегі еңбек мүмкіндіктері де өндірісі дамыған өңірге қойылатын талапқа сай бағалануға тиіс.

Айтпақшы, Шығыс Қазақстан бойынша тұрғындар санының жыл өткен сайын азаюы елеусіз қалдыруға болмайтын мәселеге айналып келе жатқан сияқты. Мысалы, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы 1 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысының халқы 715,5 мың адам болған. Қаңтар - тамыз аралығында 4 484 бала дүниеге келіп, 5 332 адам қайтыс болған. Табиғи кему 848 адамға жеткен. Осы кезеңде көші-қон сальдосы да теріс болып, минус 2 601 адамды құраған. Оның ішінде ішкі көші-қон бойынша теріс сальдо 2 696 адам болған.

Бұл деректер өңірдегі демографиялық ахуалға жүйелі назар аударуды талап етеді. Дегенмен көші-қонның себептерін тек жұмыс тапшылығымен немесе жалақымен байланыстыруға болмайтыны анық. Бірақ, бұл баяу жарылатын бомба сияқты механизм екенін естен шығармау керек. Өйткені, халық санының кемуі ұзақ мерзімді еңбек ресурстарына, жергілікті тұтыну нарығына және әлеуметтік инфрақұрылымның жүктемесіне әсер етуі мүмкін. 

Екіншіден, өңірдің экологиялық жағдайы да маңызды мәселе болып қала береді. Өскемен мен Риддердегі ауа сапасына қатысты мониторинг нәтижелері өнеркәсіптік дамуды экологиялық қауіпсіздікпен қатар алып жүру қажеттігін еске салады. Мұнда да жалпы уәделерден гөрі нақты көрсеткіштер маңызды болып отыр. Жалпы, облыстағы экологиялық ахуалдың асқынып тұрғанын біз бұған дейін де жазғанбыз. Тұтас жағдай  "Түтінге жұтылған миллиардтар: Сақтағанов Өскеменнің экологиясын сауықтыра ала ма?" деген тақырыппен жазылған мақалада қамтылған болатын.

Деп келгенде, Шығыс Қазақстан облысындағы экологиялық ахуалдың адам денсаулығына ықпалы тек болжам деңгейінде қалып отырмағанына тағы тоқталғымыз келеді. Өйткені, бұл өндірістік себептен туындаған жағдай. Ал ол орасан қауіп әкеледі екен. Тіпті, бұл мәселеге әлем экологтары алаңдайды екен. Мысалы, жақында Eurasian Journal of Ecology журналында жарияланған зерттеуде ғалымдар 2020–2024 жылдардағы бес өнеркәсіптік елді мекеннің деректерін салыстырып, қатерлі ісік аурушаңдығы мен жалпы өнеркәсіптік шығарындылар арасында статистикалық мәнді байланыс барын анықтаған. Корреляция коэффициенті 0,633 болған. Бұл нәтиже ластану мен денсаулық көрсеткіштерін бірге зерттеу қажеттігін көрсетеді. Демек, Өскемен мен Риддердегі экологиялық саясаттың нәтижесін тек ауа сапасын өлшеумен немесе кәсіпорындарға салынған айыппұлдармен бағалауға болмайды.

Тоқетерін айтқанда, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен оның командасына "Жарияланған экономикалық көрсеткіштер өңірдің нақты проблемаларын қаншалықты шешіп жатыр?" деген сұрақтың қойылуы заңды деп ойлаймыз. Өйткені, тоғыз айда инвестиция көлемі өскенімен, өнеркәсіп өндірісінің 5,7 пайызға төмендеуі экономикалық өсімнің сапасына күмән туғызады. Нақты жалақының сатып алу қабілеті де артпаған, ал табиғи кему мен теріс көші-қон өңірдің демографиялық мәселесін күрделендіріп отыр. Экология саласында да әкімдік жұмысының нәтижесін тек жүргізілген тексерулермен, салынған айыппұлдармен немесе тазалық акцияларымен бағалау жеткіліксіз. Әлбетте, бұл деректер әкімнің немесе оның командасының барлық проблемаларға тікелей кінәлі екенін өздігінен дәлелдемейді. Дегенмен, Сақтағанов мырза инвестицияның нақты қайтарымын, өнеркәсіптегі құлдыраудың себептерін, халықтың тұрмысын жақсарту және экологиялық жағдайды сауықтыру жөніндегі шаралардың нәтижесін қоғамға түсіндіруі керек сияқты...

Қалмаханбет Мұқаметқали
Журналист-экономист. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.
Автордың басқа материалдары →