Шығыс Қазақстан облысының орталығындағы экологиялық ахуал жыл өткен сайын күрделеніп келеді. Экологияны жақсартуға миллиардтаған теңге бөлініп жатқанымен, Өскемен тұрғындары оның нәтижесін күнделікті өмірінен сезініп отырған жоқ.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы қоршаған ортаны қорғауға 58 млрд 986,7 млн теңге жұмсалған екен. Ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 33 млрд 451,9 млн теңге шамасында болған көрінеді. Яғни, төрт жылға жетпейтін уақытта экологиялық шығын екі есеге жуық өскен.
Осы қаражаттың 22 млрд 144,2 млн теңгесі ауаны тазартуға және климаттың өзгеруіне қарсы шараларға бағытталған. Сондай-ақ, қалдықтарды басқаруға 20 млрд 45,1 млн, ағын суларды тазартуға 11 млрд 541,9 млн теңге жұмсалған. Ал парникті газ шығарындыларын азайтуға небәрі 3 млн теңге бөлінген.
Бірақ, есептегі миллиардтар мен қаладағы нақты жағдайдың арасы алшақ сияқты.
Мысалы, аймақтың табиғи әлеуетін зерттеп жүрген эколог Дәулет Асанов мәселенің негізгі себебін ластау көздерінің азаймай отырғанынан іздейді.
- Өскеменде ауа сапасы жыл сайын нашарлап барады. Әсіресе, қыс кезінде көмір жағатын жеке үйлер көбейді. Оның үстіне жылу орталықтарының көмір тұтынуы артып келеді. 15 жыл бұрын Өскемен жылу орталығы шамамен 1 млн тонна көмір жақса, қазір бұл көрсеткіш 1,5 млн тоннаға жетті. Ал алдағы уақытта 2 млн тоннадан асуы мүмкін. №16 жылу орталығы іске қосылса, экологиялық жүктеме одан әрі артады, – дейді эколог.
Қазір қаладағы ауа сапасын «Қазгидрометке» қарасты 10 бақылау бекеті қадағалайды екен. Мониторинг желісін кеңейту үшін тағы 25 бағдарламалы аппарат кешені орнатылған. Алайда, бақылау көбейгенімен, ауаның құрамы одан сайын ластанбаса, тазармай отыр.
Бұған биылғы мамыр айында "Қазцинк" кәсіпорнында болған жағдай да мысал. Эколог Д. Асановтың айтуынша, оқиға кезінде 3 тоннадан астам мырыш күлі мен шаңы атмосфераға тарап кеткен. Кәсіпорынға 60 млн теңге көлемінде айыппұл салынған болатын. Бірақ, қоршаған ортаға нақты қанша залал келгені және оның орнын толтыру бойынша қандай шаралар қабылданғаны жөнінде әлі толық ақпарат жоқ.
Жалпы, Өскемендегі экологиялық ахуалды тек зауыттар ғана ушықтырып отырған жоқ. Қаладағы көлік саны да артып келеді. Екіншіден, тұрғын үй құрылысы кеңейіп, орталық жылу жүйесіне қосылмаған үйлердің көбейіп жатыр. Олардың едәуір бөлігі қыста көмір жағады.
Қысқасы, Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары үшін экология жағдайы күрделі ғана емес, күлкілі мәселеге айналып тұр. Бір жағынан, экологияға бөлінетін қаржы көлемі артып келеді. Екінші жағынан, ауаның ластануына себеп болатын негізгі факторлар сол күйі сақталуда.
Яғни, өскемендіктер үшін экологияға қанша миллиард теңге жұмсалғаны туралы есеп қызық емес, оларға қала көшелерінде еркін жүріп, терең тыныстау арман болып отыр.
Айтпақшы, Өскеменнің экологиялық ахуалы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановқа да жақсы мәлім. Өйткені өзі де осы лас ауаны күнде жұтып жүр. Біз ашық дереккөздердегі мәліметке сүйеніп, аймақ басшысының мәселені шешуге қатысты істелген жұмыстар туралы есебін таптық.
Онда әкім қаладағы ауа сапасын "Қазгидрометтің" 10 бақылау бекеті тұрақты қадағалайтынын айтқан. Сонымен қатар мониторингті күшейту үшін жаңадан 25 арнайы кешен орнатылғанын еске салады. Тіпті, тұрғындар ауа сапасы туралы ақпаратты AirKZ қосымшасы мен "Қазгидрометтің" интерактивті картасынан көре алады деген сөзі де бар екен. Алайда, атқарылған іс пен ауа сапасының жақсаруына қатысты нақты нәтиженің арасы алшақ екенін тұрғындардың шағымы мен табиғи жағдайдың өзі көрсетіп отырғандай...