Балаға ботулизмге қарсы сарысу енгізіліп, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Сондай-ақ қажетті қарқынды ем жүргізілген. Науқастың жағдайы тасымалдауға келмейтіндей ауыр болғандықтан, Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы республикалық деңгейдегі мамандарды тартқан.
Денсаулық сақтау министрлігі Маңғыстау облысында ауыр уланудан 9 жасар бала қайтыс болған қайғылы оқиғаның мән-жайын айтты, деп хабарлайды kznews.kz
“2016 жылы туған бала 19 қыркүйекте Мұнайлы аудандық орталық ауруханасына түскен. Сол күні жағдайының ауыр болуына байланысты Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының жансақтау және қарқынды терапия бөліміне ауыстырылған. Дәрігерлер баладан тағамдық ботулизм белгілерін анықтаған”, – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігі.
Аймаққа Денсаулық сақтау министрлігінің бас инфекционисті мен анестезиолог-реаниматолог дәрігер арнайы барып, баланы емдеу тәсілін түзеткен. Кейін дәрігерлер тұрақты түрде консилиум өткізіп, телемедицина арқылы кеңес алған. Алайда дәрігерлердің барлық әрекетіне қарамастан, баланың жағдайы күрт нашарлаған. Аурудың ауыр өтуі салдарынан оның миы ісініп, бірнеше ағзасының қызметі бұзылып, III дәрежелі комаға түскен.
Алайда 6 қазан күні бала қаза тапқан.
Баланың жақындары ауруханада жатыр
Баланың 3 туысы әлі де ауруханада жатыр. Екі науқас көпбейінді ауруханада жатыр, ал әкесінің жағдайы жақсарып келеді.
Денсаулық сақтау министрлігі ботулизмнің ботулин токсинінен туындайтын ауыр әрі өлімге әкелуі мүмкін ауру екенін еске салды. Бұл токсин адамның жүйке жүйесіне әсер етіп, сал ауруына, жұтыну мен тыныс алудың қиындауына әкелуі мүмкін.
Ботулизм – адам ағзасына ботулин токсині түскен кезде пайда болатын қауіпті жұқпалы ауру. Бұл токсин жүйке жүйесіне әсер етіп, адамның көруіне, жұтынуына және тыныс алуына кедергі келтіруі мүмкін. Ауру көбіне дұрыс дайындалмаған немесе дұрыс сақталмаған үй консервілерінен, тұздалған және ысталған тағамдардан, сондай-ақ ет, балық пен көкөністен жасалған консервілерден жұғады.
Ботулизмнің алғашқы белгілеріне әлсіздік, жүрек айну, іштің ауыруы, ауыздың құрғауы, көздің бұлдырауы немесе қосарланып көруі жатады. Кейін жұтыну қиындап, дауыс өзгеріп, тыныс алу бұзылуы мүмкін. Ботулизм кезінде адамның жағдайы тез нашарлауы ықтимал. Сондықтан осындай белгілер байқалса, үй жағдайында өздігінен емделмей, бірден медициналық көмекке жүгіну қажет. Ауруды дер кезінде анықтап, арнайы ем жүргізу адамның өмірін сақтап қалуда маңызды рөл атқарады.