Алматы қалалық полиция департаменті белгілі блогер Әділетхан Молдаханның Әл-Фараби даңғылы бойындағы жол апаты туралы видео жариялағаннан кейін 10 тәулікке қамауға алынғанын мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Қазір Алматы полиция департаменті блогердің көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
«Бұрын тонау қылмысын жасағаны үшін сотталған күдіктіге қатысты сот 10 тәулікке қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады», – деп хабарлады полиция.
Іс бойынша өзге мәліметтер тергеу құпиясына байланысты жарияланбады.
Блогер не үшін ұсталды
Полицияның мәліметінше, Молдаханға қатысты Қылмыстық кодекстің 274-бабы 1-бөлігі («Көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Аталған бап бойынша жаза түрлері:
1000 АЕК-ке дейін айыппұл (2026 жылы 4 325 000 теңге),
400 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар,
1 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру.
Айта кетейік, блогердің Instagram желісінде 1 миллионнан астам оқырманы бар. Ол Әл-Фараби даңғылы бойында үш адам қаза тапқан жол апаты туралы жарияланымдарынан кейін ерекше назарға ілінді. Блогер апатқа құқық қорғау органдарының қызметкері қатысы болуы мүмкін екенін айтқан.
Бұрын сотты болған
Іске қоғам тарапынан қызығушылық артқандықтан, Алматы полиция департаменті күдіктінің өмірбаяны туралы мәліметтерді жариялады. Белгілі болғандай, Әділетхан Молдахан бұрын құқық қорғау органдарында қызмет еткен, бірақ оның мансабы даумен аяқталған.
«Оның ішкі істер органдарынан жағымсыз себептермен жұмыстан шығарылғанын растаймыз. Ол өз әрекеттерімен полиция қызметкері атағына кір келтірді», – деді департамент өкілдері.
Сонымен қатар, полиция оның бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын атап өтті. Ол алдын ала сөз байласу арқылы топ болып жасалған тонау қылмысы үшін сотталған.
«Сот үкімімен ол кінәлі деп танылды. 2023 жылдың наурызында ол алдын ала келісіп, рөлдерді бөлісіп, тұрғын үй сатып алуға ақша алып келген азаматқа шабуыл ұйымдастырған. Қаскүнемдер жәбірленушінің көлігін қуып жетіп, әдейі тоқтатып, күш қолданып, ірі көлемдегі ақшаны ашық түрде иемденіп, оқиға орнынан қашып кеткен», – деп хабарлады полиция.
Бұл қылмыс үшін сот оған пробациялық бақылаумен шектеу жазасын тағайындаған.