Қаржы пирамидасын құрды деген айыппен 5 жылға сотталған Мейірхан Шерниязов төрт ай бұрын бостандыққа шыққан. Ол Руслан Өтепбайға берген сұхбатында түрмедегі өмірі мен өзіне жүктелген қомақты қарыздың қалай пайда болғанын айтып берді, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның сөзінше, сот кескен 5 жыл жаза толық өтелген.
«Тергеу изоляторында бір күн екі күнге есептелетіндіктен, жалпы мерзімді 3,5 жылда өтеп шықтым. Бірақ қосымша жаза — мойнымызға ілінген қарыз қалды», – дейді ол.
Шерниязовтың айтуынша, 12 адам жалпы сомасы шамамен 1 млрд теңгеге жауапты.
«Сот бізді «солидарлы» жауапкер деп белгіледі. Яғни біреу бар қарызды жапса да, соңғы тиыны толық өтелмейінше, міндет бәріміздің мойнымызда қала береді. Жеке сот орындаушылардың шығындарын қосқанда сома 1 млрд 100 млн теңгеге жетеді», – деді ол.
Темір тордың ар жағында оны тек қара жұмысқа ғана қойған.
«Түрмеде айына 85 мың теңге жалақы беріледі, оның 50%-ын ұстап қалды. Негізгі мамандығым – геолог-мұнайшы, бірақ онда әртүрлі қарапайым жұмыстар істедім. Ал піар немесе маркетинг бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік бермеді», – деді Шерниязов.
Бостандыққа шыққалы бері жұмыс істеп үлгермегенін, түрмеде істеген еңбекақысының бір бөлігімен ғана қарыз өтелгенін айтты.