Алматы қаласының Алмалы аудандық соты заңгер әрі блогер Әділетхан Молдаханға қатысты үкім шығарды. Сот оны 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды kznews.kz.
Сот шешіміне сәйкес, Молдахан жәбірленушілер Серік Шұмаев пен Ержан Ұзабаевқа моральдық өтемақы ретінде әрқайсысына 2 миллион теңгеден төлеуге міндеттелді. Бұдан бөлек, сот шығындарын өтеуге 1 миллион теңге өндірілмек. Жалпы өтемақы көлемі 5 миллион теңгені құрады.
Бұған дейін блогерге Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы, яғни онлайн-платформаларды пайдалану арқылы көрінеу жалған ақпарат тарату бойынша айып тағылған.
Алайда кейінгі сот отырыстарында мемлекеттік айыптаушы істі осы баптың 3-бөлігіне қайта саралауды сұрады. Бұл норма ірі залалға немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін бес жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.