Журналист Ботагөз Омароваға қатысты қоғамда қызу талқыланып жатқан іске байланысты «ВД Строй Инжиниринг» компаниясының құрылтайшысы Азамат Үсімбеков алғаш рет Ulysmedia.kz порталына сұхбат беріп, өз нұсқасын айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Кәсіпкердің сөзінше, жанжал журналист жариялаған бірнеше материалдан кейін басталған.
Үсімбековтің айтуынша, Ботагөз Омарова өз материалдарында компанияны мердігерлер алдындағы міндеттемелерін орындамады деп айыптаған. Әсіресе, әлеуметтік желілер мен ақпараттық алаңдарда компанияның 600 миллион теңге көлемінде қарызы бар деген мәлімет кеңінен тараған. Алайда кәсіпкер бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
«Мені 600 миллион теңгені төлемей қойған адам ретінде көрсетті. Бірақ бізде ешқандай қарыз болған жоқ», – деді Азамат Үсімбеков.
Оның айтуынша, видеоларда пікір білдірген адамдармен арнайы кездесулер ұйымдастырылған. Кәсіпкердің сөзінше, сол кездесулер барысында олардың компанияға нақты қаржылық талабы жоқ екені анықталған.
«Видеода сөйлеген адамдардың өзі маған ешқандай шағымы жоқ екенін айтты. Біз барлық құжаттарды және төлемдердің жасалғанын көрсеттік», – деді ол.
Үсімбеков даудың түп-төркіні мердігер компаниялар арасындағы ішкі келіспеушіліктен шыққанын жеткізді. Соған қарамастан, оның сөзінше, журналист тарапынан жарияланымдар тоқтамаған.
Кәсіпкер Ботагөз Омаровамен жеке сөйлескенін де атап өтті. Оның айтуынша, журналист жағдайды түсінгендей болып, материалдарды өшіру мәселесін қарастыратынын айтқан.
«Ол маған “ертең ойланып көремін, қалай өшіруге болатынын қараймын” деді. Мен соған сендім», – деді Үсімбеков.
Алайда кейін де компанияға қатысты материалдар жариялана берген. Осыдан кейін ғана кәсіпкер заң аясында шағым түсіруге шешім қабылдағанын айтты.