Кино басталды: Джеки Чан "Құдай сауытын" қайта киді
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Биылға 89 457 грант: мемлекеттік тапсырыстың қысқаруы нені білдіреді?

Биылға 89 457 грант: мемлекеттік тапсырыстың қысқаруы нені білдіреді?
Фото: freepik.com

Еліміздің жоғары білім беру жүйесіндегі мемлекеттік тапсырыс құрылымы өзгеріп келеді. Яғни, соңғы жылдары грант көлемінің төмендеуі байқалуда. Биыл бұл көрсеткіш анық көрінді деуге болады.

Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің мәліметінше, 2026–2027 оқу жылына 89 457 білім гранты бөлінген. Бұл өткен жылғы 93 232 грантпен салыстырғанда 3 775 орынға аз болып отыр.

Жалпы, мемлекеттік білім гранттарын бөлу енді тек талапкерлер санына емес, ел экономикасының ұзақ мерзімді қажеттілігіне қарай қалыптастырылады. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, 2030 жылға дейінгі кадр қажеттілігі ескеріліп, гранттардың басым бөлігі нақты өндірістік салаларға бағытталған.

- Атап айтқанда, бөлінген гранттардың 60 пайызы инженерлік-техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтарына тиесілі. Бұл өнеркәсіп, агросектор, энергетика және технологиялық бағыттарда білікті мамандар тапшылығын азайтуға бағытталған қадам. Ал 21 пайызы педагог кадрларды даярлауға бөлініп отыр. Мұндай тәсіл жоғары білім жүйесін еңбек нарығымен байланыстыруға мүмкіндік береді, - дейді Саясат Нұрбек.

Дегенмен, гранттарды қысқарту емес, сапалы кадр даярлау мәселесі алдыңғы қатарға шығуы тиіс. Себебі экономиканың жаңа моделіне көшу үшін тек маман саны емес, олардың кәсіби деңгейі мен заманауи талаптарға бейімделуі шешуші рөл атқарады.

Сол себептен де басты өзгеріс грант санының азаюында емес, оның бағыттарында сияқты. Осы арқылы мемлекет еңбек нарығына алдын ала зерттеу жасап, нақты қажетті салаларға басымдық беріп отырғанға ұқсайды. Мәселен, биылғы ең үлкен қысқару магистратурада болды. Бұл деңгейдегі қаржыландыру саны 13 229 гранттан 11 007 грантқа дейін азайғаны көрініп тұр. Ал докторантураға бөлінген орындар керісінше 2 919 гранттан 3 079 грантқа дейін өскен. Демек, мемлекеттің ғылыми бағыттағы кадр даярлау мен сапалы зерттеулерге назарды күшейткені аңғарылады.

Ал бакалавриатта негізгі басымдық инженерлік бағыттарда сақталып отыр. Бөлінгені - 16 674 грант. Одан кейін педагогикалық мамандықтар тұр, 12 228 грант бөлінген екен. Және ақпараттық-коммуникациялық технологияларға 10 387 грант бағытталған. Яғни өндіріс, цифрландыру және білім беру салалары үшін маман даярлау жалғаса береді деген сөз.

Сонымен бірге аграрлық секторға бөлінген грант саны да артты. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы мен биоресурстар бағыты бойынша орындар 2 379 гранттан 2 515 грантқа көбейген. Бұл азық-түлік қауіпсіздігі, су ресурстары және агроөнеркәсіп салаларына қатысты мамандарға деген сұраныстың өскенін көрсетеді.

Тоқетерін айтқанда, гранттардың қысқаруы жоғары білімге мемлекет тарапынан қолдаудың азайғанын емес, оны қайта бағыттау үрдісінің реттелгенін білдіреді. Демек, еліміз біртіндеп маман санын есепсіз көбейтуден бас тартып, еңбек нарығына нақты қажет кадр даярлау моделіне көшіп келеді. Осы тұрғыдан мектеп бітірген түлектердің мамандық таңдауына қатысты берік ұстанымда болуын ескерткен орынды. 

Жалпы, бөлінген гранттардың есебінен сапалы білім алып, жұмысқа орналасатын білікті маманға айналуын қамтамасыз ету бөлек әңгіме. Қалай болғанда да білім саласына қатысты мемлекеттің ұстанымы өзгергені аян. Бұл міндетті түрде өз жемісін беретін болады.

Автор
Гүлжан Амангелдіқызы

журналист-жазушы. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің түлегі. «Арай +» телеарнасында, «Қазақстан - Атырау» телеарнасында редактор, «Жетісу Университеті», «Нұрлы өлке» газеттерінде тілші және Baq.kz, Inbusiness.kz, El.kz ақпараттық порталдарында фрилансер болған.