KZNews.kz
Шоу-бизнес

“Біреудің қоржынына қол салуға болмайды” - Марат Омаров неге “Анашым” әнін тартып алғанын айтты

Ayzhan Sylanova
Фото: ашық дереккөз

Белгілі әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаев 37 жыл бойы репертуарынан түспеген «Анашым»әнін енді орындамайтын болды. Бұл өзгерістің себебін туындының авторы – композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Марат Омаров түсіндірді, деп хабарлайды kznews.kz.

Композитордың айтуынша, жылдар өте бұл ән халық арасында толықтай Нұрлан Өнербаевтің жеке орындауымен байланыстырылып кеткен.

«Нұрлан әнді халыққа жеткізді, баритондық тембрімен ерекше етті. Бірақ уақыт өте жұрт оны Өнербаевтікі деп қабылдап кетті. Караокелердің өзінде авторлар емес, Нұрланның аты ғана тұрады. Мұны жұртшылық та маған жиі айтады. Жақында әннің сөзін жазуға атсалысқан марқұм Қайрат Жұмағалиевтің қызы хабарласып, әкесінің есімі аталмайтынына қапалы екенін жеткізді», – деді Марат Омаров Jibek Joly арнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасында.

Ол өнердегі этиканың сақталуы маңызды екенін де атап өтті:

«Біреудің қоржынына қол салуға болмайды. Кезінде Кеңес Дүйсекеев пен Шөмішбай Сариев те «Нұрлан әнді керемет орындайды, халыққа жеткізеді, бірақ авторларын таныстыруға тырыспайды» деп айтатын. Өнер жұлдызы Ержан Белғозиев те «Бауырды сағыну» әнімді орындайды, бірақ авторы туралы әңгіме қозғамайды», – деді композитор.

Омаровтың сөзінше, авторлық құқықты елемеу – өнер адамдары арасындағы күрделі мәселе, сондықтан бұл жағдай Нұрлан Өнербаевтың репертуарлық өзгерісіне себеп болған.

Ayzhan Sylanova
Автордың басқа материалдары