Исламтанушы-теолог Асқар Сабдин «Қасқа жол» YouTube арнасына берген сұхбатында қазіргі діни ахуалға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.
– Дәл қазіргі уақытта біз вахабизм дейміз, салафизм дейміз – ол ойыншық болып қалды. Себебі қазір қауіп тәңіршілерден төніп тұр, – деді ол.
Теологтың айтуынша, тәңіршілдік 1990-жылдардың өнімі саналады және бастапқыда академиялық ортада дамыған.
– Жалпы халық өзін мұсылман деп есептеп келді. Бірақ соңғы он бес-жиырма жылдың ішінде исламға қатысты әртүрлі деструктивті, радикалды ағымдар пайда болғаннан кейін қоғамдағы сол радикализмге қарсы реакция ретінде тәңіршілік нанымы күшейді деп есептеймін, – деді Асқар Сабдин.
Оның пікірінше, бұл бағыт жүйелі идеологияға айналмаған.
– Жүйелі бір ілімі жоқ. Өз араларында бірнеше тармаққа бөлінген. Кейбіреулері Құдай жалғыз – Тәңір деп, Күлтегін сөздерін қайталайды, – деді теолог.
Сарапшы мәселені ғылыми және құқықтық тұрғыда талқылау қажеттігін атап өтті.