2023 жылы Алтынай Дидарқызы әлеуметтік желіде өзін «Wildberries ханшайымы» ретінде таныстырып, маркетплейстерде сауда жасауды үйрететін курстарын ұсынған.
Алтынай Дидарқызының маркетплейс арқылы табыс табуды ұсынған жобасын жарнамалаған танымал блогерлердің әрекеті тексерілуі мүмкін. Кәсіпкер 35 адамды алдағаны үшін сотталған, деп хабарлайды kznews.kz Kozachkov offside Telegram арнасына сілтеме жасап.
2023 жылы Алтынай Дидарқызы әлеуметтік желіде өзін «Wildberries ханшайымы» ретінде таныстырып, маркетплейстерде сауда жасауды үйрететін курстарын ұсынған. Жобасын кеңінен насихаттау үшін танымал инфлюенсерлердің көмегіне жүгінген.
Ол әлеуметтік желідегі жазбаларында қымбат көліктерін, элиталық тұрғын үй кешеніндегі пәтерін көрсетіп, ата-анасына арнап үй салып жатқанын жариялаған. Мұндай контент оның ұсынысына қызығушылықты арттырған.
Дидарқызы адамдарға тауар сатып алуға 10 миллион теңге инвестиция салып, оны сатудан 5 миллион теңге пайда табуға болатынын уәде еткен. Жобаға сенген азаматтар әртүрлі көлемде ақша аударған: біреуі 500 мың теңге салса, енді бірі 50 миллион теңгеге дейін берген. Жәбірленушілердің бірі кәсіпкерге 100 миллион теңгесін сеніп тапсырған.
Кейін ол салымшылардан қосымша қаражат сұрай бастаған. Ақша АҚШ-тағы тасымалдау компаниясының қызметіне төлеуге, салық айыппұлын жабуға және бұғатталған есепшотты ашуға қажет екенін айтқан. Алайда уәде етілген табысқа қол жеткізе алмаған азаматтар құқық қорғау органдарына шағым түсірген.
Сот процесінде Алтынай Дидарқызы өз кінәсін мойындамаған. Сот оны 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Кішкентай баласы бар болғандықтан, жазаны өтеу бір жылға кейінге қалдырылған.
Істі қараған судья Бақтияр Ноғаев жобаның жарнамасына қатысқан блогерлердің әрекетіне де назар аударған. Ол жеке қаулы шығарып, Ішкі істер министрлігіне инфлюенсерлердің кәсіпкердің бизнесі туралы жалған ақпарат таратуға ықпалы болған-болмағанын тексеруді және олардың әрекетіне құқықтық баға беруді ұсынған.
Құжатта Instagram желісінде 2,9 миллион оқырманы бар Жания Джуринская мен 1,4 миллион оқырманы бар Әсел Асқардың есімдері көрсетілген.
Алтынай Дидарқызына қатысты сот үкімі заңды күшіне енген. Ал аталған блогерлердің әрекеті бойынша тексеріс жүргізілді ме, қандай да бір шешім қабылданды ма — әзірге белгісіз.