Танымал әнші Қыдырәлі Болманов Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Әнші өз жазбасында ел бірлігінің маңызын атап өтіп, тәуелсіз Қазақстан тарихында Олимпиада алтынын алған боксшылардың саусақпен санарлық екенін еске салды. Оның айтуынша, алтын медаль иелену – бір басқа, ал Олимпиаданың ең үздік боксшысына берілетін Баркер кубогын алу – тіптен сирек жетістік.
"Тәуелсіз Қазақстан болғалы Олимпиада чемпионы атанған бар-жоғы жеті боксшымыз бар. Ал сегіз миллиард адамның ішінен Олимпиаданың ең үздік боксшысына табысталатын Баркер кубогын алғандар одан да аз. Серік батыр сол Олимпиадада осы марапатты да иеленді", – деп жазды Қыдырәлі Болманов.
Ол Серік Сәпиев пен марқұм Бекзат Саттарханов сынды спорт саңлақтарын бір ғасырда бір келетін дара таланттарға теңеп, ел намысын қорғаған батырларға құрметпен қарау керектігін атап өтті.
Осы тұста Серік Сәпиев те әлеуметтік желіде өзінің орынбасары Дәурен Есімхановпен болған жанжалға байланысты пікір білдірді.
Олимпиада чемпионы арандатушылыққа ермейтінін, мемлекеттік қызметкер ретінде әдеп нормаларын қатаң сақтайтынын мәлімдеді.
"Мен мемлекеттік қызметкермін, өз міндетімді атқару барысында мемлекеттік қызмет этикасын ұстанамын. Бала кезімнен бапкерлерім рингтен тыс жерде күш қолданбауды үйреткен. Өз іс-әрекетім үшін жауапкершілікті толық сезінемін. Сондықтан бұл мәселе толық қаралып, жабылды", – деп жазды Серік Сәпиев.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Серік Сәпиев пен оның орынбасары, самбодан Азия және әлем чемпионаттарының жүлдегері Дәурен Есімханов арасында жанжал болды деген ақпарат тараған еді.